Шымкент түбінде көктайғақтың салдарынан ірі жол апаты болды.Ленгір тасжолында екі көлік соқтығысып, соның салдарынан 5 адам жарақат алған. Арасында жүкті әйел де бар. Зардап шеккендер Шымкент қалалық жедел-жәрдем ауруханасына жеткізілген.
Жол апаты Бадам-Шымкент тасжолында таңғы уақытта болды. Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, жоғары жылдамдықпен келе жатқан «Мерседес» көлігі жол үстінде тайып, қарсы бағыттағы «Фольксваген Пассатпен» соқтығысқан. Соның салдарынан «Мерседес» тайып, жолдан шығып кетеді. Осы көлікті басқарған жігіт машинасының тайып кеткенін өзі де айтып отыр.
Мерседестің жүргізушісі Шымкент қаласынан шығарда жолда тұрған адамдарды мінгізіп алады. Діттеген жерге жете алмаған жолаушылардың барлығы дене жарақатынын алған. Пассат автокөлігінің жүргізушісі де ауруханаға жеткізілген. Сонымен 5 науқастың арасында болған 1989 жылғы азаматша жүкіті екен. 19 жастағы және 32 жастағы екі науқас та жансақтау бөліміне жатқызылды.
Қазір дәрігерлер аяғы ауыр әйел мен екі жолаушының жағдайы ауыр екенін айтуда. Ал екі науқастың жарақаты орташа деңгейде, оларға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін бөлімшелерге жатқызылды. Ал облыстық ІІД өкілдері жол апатының себеп-салдарын анықтау басталды деп хабарлайды.
Ернар Балабеков