Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектебінің ұжымы «Қызыл жарты ай» қоғамына мүше болды

Шымкент қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы «Қызыл Жарты ай» Қоғамының мүшелігіне өтті

Игі іс-шаралар ұйымдастыру Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде дәстүрге айналған. Соның бір көрінісі, мектеп басшысы Әбдірахманова Қаракөз Ізбасарқызы мен «Қызыл жарты ай» қорының ОҚО филиалының директоры Малика Жүсіпова Әбдірашқызы арасында екі жақсы өзара меморандумға қол қойылды.

Аталған меморандум аясында мектеп оқушылары мен оқытушылары бірден белсенділік танытып, қор мүшелігіне — 30, еріктілер тобына 35 адам қабылданды. Әрдайым көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созуға дайын екендіктерін көрсетті.

Екі тарап тікелей және өзара тиімді ынтымақтастық орната отырып, мектеп және қоғамның ортақ миссиясына сай өскелең ұрпақтың бойында адами құндылықтарды дамыта отырып, белсенді қоғам азаматтарын тәрбиелеуде бірге жұмыс жасамақ.

Малика Жүсіпова, «Қызыл жарты ай» қоры ОҚО филиалының директоры: «Қызыл жарты ай» қоғамының мүшелігене ену  – ол әлемдегі ең ауқымды гуманитарлық мекемені қолдау. Өзгелерге көмек қолын созуға дайын, қоғамда белсенді, мейірімді жандар көп. Және олардың қатарынан Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының табылғаны қуантады. Ұжым болып қайырымды іске атсалысуға, әрдайым өзгенің ауыртпашылығын бірге бөлісуге дайын екіндігі көңілге қуаныш ұялатады. Бұл — өзгелерге үлгі болатын іс.»

Аталған қоғамның мүшелігіне ену екі тараптың құқықтары мен міндеттерін анықтайды. Сонымен қатар өзара жауапкершілікті жүктейді. Енді қоғамның мүшелері төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен жандарға, әлсіз топтағы азаматтарға,  әлеуметтік жағдайы төмен отбасы мүшелеріне, зейнеткерлер мен жүріп-тұруы қиын жалғыз қарттарға қаржылық, гуманитарлық, техникалық көмек көрсете алады.

Хасият Сайдиганиева, Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы НЗМ директорының сыртқы істері жөніндегі орынбасары: «Біз «Қызыл жарты Ай» қоғамымен бірлесе жұмыс жасауда алға құрған жоспарларымыз үлкен. Басты мақсатымыз – мектеп оқушыларына әлемнің белсенді азаматы болу үшін мүмкіндік жасау, әлемдегі, еліміздегі  адамдардың қайғы-қасіреті жайлы тек біліп ғана қоймай, қиын-қыстау кезде оларға көмектесе алуына ықпал ету, қоғамға қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеу. Өйткені мейірімді, қолы ашық және өзгенің өміріне бей жай қарамайтын, қоғамға қызмет ететін қайырымды жандар өте көп.»

Сонымен қатар «Қызыл жарты ай» қорының өкілдері білім ошағында түрлі семинарлар, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шаралар, ауруды, төтенше жағдайлардың алдын алу, алғашқы көмек көрсету туралы кездесулер ұйымдастырмақ ниетте.