Түркі әлемінің Наурыз тойы Түркістанда тойланады

761
Түркі әлемінің Наурыз тойы Түркістанда тойланады

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласына арнайы іс-сапармен барып, «Түркістан — Түркі әлемінің мәдени астанасы» іс-шарасына дайындық жұмыстарымен танысты.

Өңір басшысы алдымен халықаралық деңгейде тойланғалы отырған Наурыз мерекесі өтетін алаңда болып, қонақтарға қазақтың салт-дәстүрін паш ететін этно ауылы мен қолөнер қалашығын аралап көрді. Ондағы мақсат — халықаралық деңгейдегі мәдени шараның ашылу салтанаты мен түркі әлеміне ортақ Наурыз мерекесін жоғары деңгейде атап өту.

Түркі әлемінің Наурыз тойы Түркістанда тойланады

Мұнан соң облыс әкімі халықаралық мәдени шараға жауапты жұмысшы тобының есебін тыңдады. Топ жетекшісі, облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков «Түркістан — Түркі әлемінің мәдени астанасы» аясында атқарылатын жұмыстардың жай-жапсарын баяндады.

— Өлкемізге келетін қонақтың жалпы саны бүгінгі күнге жобамен 800 адамды құрап отыр. Жалпы іс-шараға 4-5 мың халық қатысады деп жоспарлануда. Шара аясында Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінде 22 наурыз күні ресми қонақтардың қатысуымен «Түркістан және Түркология» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізу жоспарлануда. Конференция қорытындысы бойынша арнайы еңбек жинағы шығарылатын болады, — деді Ұласбек Сәдібекұлы.

Оңтүстік жұртын ауқымды іс-шараға атсалысуға шақырған өңір басшысы атқарылуға тиіс бірқатар мәселелерге назар аудару қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, ол қала көшелері мен іс-шара өтетін аумақты безендіру, қонақтарды облыстағы тарихи-мәдени орындармен таныстыру, тіл білетін мамандармен қамтамасыз етуді жүктеді.

— Елімізде алдымен Астана қаласының, енді ер түріктің бесігі болған Түркістанның осындай марапатқа ие болуы еліміз үшін, оның ішінде Оңтүстік өңірі үшін зор мақтаныш. Сондықтан жоспарланған жұмыстарды жоғары деңгейде өткізу — баршамыздың ортақ міндетіміз. Жауапты сәтте жұмыла жұмыс істеп, қазақ халқының қонақжай пейілін түркі жұртына паш етуге тиістіміз, — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Түркі әлемінің Наурыз тойы Түркістанда тойланады

Ұлттық кәдесыйлардың ерекше үлгілерін әзірлеп жатқан жергілікті шеберлер жұмысына оң баға берген облыс әкімі мәжілісті қорытындылай келе жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды тиісті қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына сонымен қатар салалық түрлі жетекшілерге өз мерзімінде әрі сапалы орындалуын тапсырды.

Жалпы «Түркістан — түркі әлемінің мәдени астанасы» бағдарламасы аясында 42 мәдени іс-шара өтеді деп жоспарлануда. Оның 14-і Түрксой халықаралық ұйымы тарапынан өткізілсе, алтауын еліміздің мәдениет және спорт министрлігі, 21-ін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастырады.

Айта кетейік, бұдан бөлек, Түркістан қаласында түбі түркі тілдес халықтар театры, опера, цирк, би, сатира, дәстүрлі өнер және анимациялық фильмдердің фестивалі өткізіледі. Сонымен қатар ақындар айтысы, түркі мемлекеттері әйелдерінің форумы, түркі əлемі журналистерінің форумы, суретшілердің кездесуі, қолөнер шеберлерінің фестивалі, әдеби журналдар редакторларының конгресі, ақын, жазушылармен кездесулер өткізу жоспарланып отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі