Түркістандағы психо-неврологиялық диспансердің басшылары жұмыстан қуылды

543
Түркістандағы арнаулы әлеуметтік орталықтағы туберкулез мәселесін арнайы комиссия тексереді
Фото: Самат Мырзалиев

Бұған дейін де даудың ортасында қалған Түркістан қаласындағы психо-неврологиялық диспансердің басшылары жұмыстарынан қуылды. Бұл туралы үкіметте өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Ведомство басшысының айтуынша, күні кеше ғана 60 тәрбиеленушісі туберкулезге шалдыққаны анықталған орталықта дезинфекция жасалуда.

Орталықтың саны 500-ден асатын науқастар мен қызметкерлерінде вирустың бар-жоғы тексерілген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл орталықта эпидемиологиялық ереженің бұзылғаны да анықталып оты. Қазіргі таңда науқастардың барлығы туберкулезге қарсы арнайы орталыққа жіберілген. Олар тиісті ем қабылдайды.

Айта кетейік, аталған мекеменің емделушілері туберкулезге шалдыққан. Бұл жайында облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр айтты. Осы мекемеде қаңтар айында жүргізілген алдын алу тексеруі кезінде жеті науқастың өкпесінен туберкулез дерті анықталып, қазір олардың саны 61-ге жетіпті. Тіпті кісі өлімі де тіркелген.

Қазір құрт ауруын жұқтырғандар ем қабылдап жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің дерегінше, олардың тең жартысы туберкулездің ашық түрімен ауырады.