«Жастар практикасындағы» жалақы көбейді

5423

Шымкентте 6 айдың ішінде жұмыссыз жастардың қатары 1300-ге азаяды.Жағымды жаңалықты қаламыздағы жұмыспен қамту орталығының басшылығы мәлімдеп отыр. Айтуларынша, биыл «Жастар практикасына» қатысу үшін құлық танытушылар көбейген. Себебі мемлекеттік бағдарламаға бірқатар оңды өзгерістер енгізіліпті.

Мерей Тәжібаеваның жасы — 22-де. Жыл бұрын қаламыздағы ЖОО-ның бірін «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Енді жас маман тұрақты жұмысқа орналасу үшін мемлекеттік бағдарлама — «Жастар практикасының» көмегіне жүгініп отыр.

Мерей Тәжібаева

Мерей Тәжібаева, жас маман: «Жұмыспен қамту орталығына қаңтар айында келіп тіркелдім, өзімнің дипломым, құжаттарымды қоса әкелдім. Мекеме біздің мамандығымызға сәйкес жолдама берді. Мені облыс әкімдігіне жібермек. Енді кезегімді күтіп жүрмін. Әрине, алғашқы жұмыс орным болғандықтан, үлкен қобалжу бар. Бірақ, жұмыста өзімді жақсы қырымнан көрсетіп, алдағы уақытта, яғни 6 айдан соң, әкімдікке тұрақты қызметке орналасқым келеді.»

Бағдарлама бойынша биыл 6 айда жұмыс орындарына 1310 жас маман жолданбақ. Қуантарлығы, қазірдің өзінде «Жастар практикасы» аясында жұмысқа тұруға құлық танытушылардың  қатары артқан. Бір айдың ішінде 1100 жас өтініш білдіріпті.

Ал Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының басшылығы жастардың белсенділік танытуы да заңдылық деп отыр. Себебі биыл бағдарламаға бірқатар оңды өзгерістер енгізіліпті.

Ержан Серікбаев, Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары: «Айлық өзгерді, бұрын жастар 38 мың теңге алатын болса, бүгінгі таңға 56 мың теңгеге дейін көтерілді. Қазір басқа талаптар да өзгеріп отыр. Яғни, алдағы уақытта жас мамандар тиісті тәжірибеден өткен соң тұрақты жұмысқа жолдайтын боламыз.»

«Жастар практикасының» ережесіне сәйкес, қатысушылар жоғарғы оқу орнын 2014-2016 жылдары аралығында тәмамдауы міндетті. Ал бағдарламаға қатысушылардың құжаты шілде айына дейін қабылданбақ. Айта өтетін ақпар, өткен жылы 2602 маман «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа жолданып, соның 2046-сы тұрақты қызметке орнасқан.