Асанәлі Әшімов — Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы

805
Асанәлі Әшімов Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы

Таяуда Оңтүстік Қазақстан облыстық жастар ресурстық орталығында Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімовтың «Аңызға айналған Асанәлі» атты шығармашылық кеші өтті. Іс-шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, ұлттық сахна және киноөнерінің дарабозы, аты аңызға айналған біртуар тұлғаны 80 жылдық мерейтойымен арнайы құттықтады.

— Осынау мерейлі күнде елімізге сіңірген адал да абыройлы еңбегіңіз үшін шынайы алғыс сезімімді білдіремін. Сізге Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының атынан, миллиондаған жанкүйерлеріңіздің атынан «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағын табыс етуге рұқсат етіңіз. Зор денсаулық, жаңа шығармашылық табыстар, отбасыңызға береке, баянды бақыт тілеймін,- деді Жансейіт Қансейітұлы.

Осыдан кейін аймақ басшысы мерейтой иесінің иығына қазақы шапан жауып, астына ат мінгізді.

Асанәлі Әшімов Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы

Кеш Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы студенттері қойған «Аңызға айналған Асанәлі» атты театрландырылған музыкалық қойылымымен жалғасты.

Айта кетейік, Асанәлі Әшімов 1961 жылы Қазақ мемлекеттік Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша бітіріп, «Қазақфильм» киностудиясына жұмысқа қабылданды. Актер ойнаған «Ән қанатында», «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір жүрдек поезы», «Жаушы», «Нан дәмі», «Қазақы оқиға», «Сіз кімсіз, Ка мырза?», көп сериялы «Бұлғарлар туралы баян» фильмдері қазақ киносының дамуына зор үлесін қосты.

Асанәлі Әшімов Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы

Атақты актер театр сахнасында М.Әуезовтің «Абайын» Керім, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» Жарасбай, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш — Баян сұлуында» Қодар, Қ.Мұхамеджанов, Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, М.Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан сынды кейіпкерлерін сомдаған. Одан бөлек Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасындағы доктор Клаузен рөлін асқан шеберлікпен сомдап, театр тарихынан ойып орын алған тұлға.

Сексеннің сеңгірін бағындырған тұлға кино мен театр өнеріне сіңірген еңбегі үшін Кеңес Одағы және Қазақстанның халық әртісі, Кеңес Одағы және Қазақстан мемлекеттік сыйлықтарының, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты атанып, «Отан», «Құрмет» ордендерінің, ЮНЕСКО-ның әлем киносы алдындағы еңбегі үшін берілген «Алтын қыран» орденін иеленген.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі