Шымкентте театрлардың республикалық фестивалі басталды

446

Шымкентте Қазақстан ұлттық театрларының республикалық ІІІ фестивалі басталды. Ашылу салтанатына елімізге белгілі сахна саңлақтары мен өзге өңірлерден келген театр ұжымдары және жергілікті биліктің өкілдері, қала тұрғындары жиналды. Мәдени шараға ел аумағындағы бірегей 6 бірдей театр жолдама алған. Оның ішіндегі үшеуі біздің облыстың намысын қорғайды.

7094

7095

Олар – Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театры, облыстық орыс драма театры және өзбек драма театры. Бұдан бөлек Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театры, республикалық мемлекеттік кәріс музыкалық комедия театрлары мен неміс драма театры да өнерлерін сарапқа салмақ.

7096

Республикалық театрлар арасындағы сайыстың жүлде қоры әзірге құпия, тек жеңімпаз есімі белгілі болғанда ғана жарияланады. Бұл жөнінде фестивальдің ұйымдастыру алқасының қатысумен өткен баспасөз-жиында мәлім болды. Айтуларынша, биылғы қатысушыларға қойылатын талап та жоғары.

Үміткерлер өнер бәсекесінде қазақ авторларының еңбектерін сахналаса, оларға жоғары баға қойылмақ. Айта кетейік, театр ұжымдарының өнерін белгілі әртіс, Қазақстанның халық әртісі  Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы бағалайтын болады.

7093

7092

Асанәлі Әшімов, ҚР халық әртісі: «Негізгі талап – Қазақстанда өмір сүріп жатқаннан кейін қазақ драматургиясына көңіл аудару, оны насихаттау. Қазақ хандығының – 550, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы деген тақырыптар беріліп отыр. Бірақ бұл – өнер ұжымдарына тақырып жағынан шектеу емес, дегенмен, ережеге сәйкес 40 жыл бұрынғы қойылған спектакльді әкелуге болмайды деген сөз. Екі-үш жыл бұрын қойылған, биылғы, сосын жаңа сахналанған дебьюттер – бір сөзбен айтқанда жаңа дүниелер ескеріледі.»