Бүркіт баптап, құс салған Паң әулеті

1051

Халқымыз қай кезде де қыранын баптап, құмай тазысын жүгіртуге әуес. Ықылым заманнан-ақ саятшылық кәсіп болып, кейіннен бекзат аңшылықтың бейнесі ретінде енгені бар. Бүгінгі мақаламызда ұлттық өнер – саятшылық және ондағы жыртқыш құстардың бабы жөнінде баяндаймыз.

Қасқасу ауылының тұрғындары Жомарт Кеуеновты жақсы таниды. Ел арасында кәсіби құсбегілікпен айналысып жүрген жанның ешбір күні бос өтпейді. Таңсәріден қырандарын түгендеп, қанаттыларды баптауға кірісетін кейіпкеріміздің айтуынша, өзінің әкесі Паң –  қырағы, шеберлігі шыңдалған, қара аңды қалт жібермейтін құсбегі болған.

Құсбегінің жасынан қансонардың қазанында қайнап өскен перзенті де қазір ата жолын қуып, түз тағысы мен дала аңдарын аулайтын адуынды ойынды еңсерген. Еңсерген дейміз-ау, саятшылыққа өзі ғана емес, отбасы – балалары да түгел жұмылдырылады. Әзірге жанұясының жанбағысы да дәл осы жыртқыш құстардың жемтік-табысымен байланысты.

Жомарт Кеуенов, құсбегі: «Қыран – құстардың ішіндегі ең «мінезді», тектісі. Тіпті құсбегінің өзін ием деп мойындамайды. Бізді жәй ғана досым деп қабылдайды. Қазір қолымызда 4 бірдей бүркіт бар, ең кішісінің жасы – 4-те. Бір жасары – балапан, 2 жасары – «тірнек» деп  аталады. «Тірнек» деп аталуының өзіндік себебі бар, сол кезде құс енесін көріп, аңға деген қызығушылығы артады. Өз бетінше күн көруге тырысады. Одан кейінгісін «тастүлек» дейміз. Ол кезде қанаттарының бәрін ауыстырып, қалыптасқан құсқа айналады. Тек 4 жасында ғана жұптасуға дайын екенін білдіріп, ана болады. Егер бабы жақсы болса, бір ғана бүркіттің өзі күніне 2 түлкіні аулауға қауқарлы. Қыранның басына былғарыдан қалпақты өзім тігемін, ол «томаға» деп аталады. Тыныш отыруына, тәртіпке бағынуына бұл қалпақтың маңызы зор. Ал аяғына балақбау тағамыз. Бұл қолға қонғанда, алыстан қолға шақырғанда өзімізге ұстауға оңай. Соған ыңғайластырып жасалады. Балақ тұсына да былғарыдан қорғаныштар тігеміз, себебі саятшылықта сәттілік пен сәтсіздік қатар жүреді. Қасқыр, түлкі секілді аңдар тістеп немесе қанаттарын қайыруы әбден мүмкін. Сақтану құралдары осындай. Бүркіт қазір біздің жанұямыздың өкіліндей болып қалған, бір ауырса, қатты науқастанады, сол үшін мейлінше дұрыс күтім жасаймыз. Құс тұмауы мен өзге де аты суық дерттер жұқпауы үшін алдын ала екпелер салып, таблетка түріндегі дәрі береміз, ем-дом жасаймыз».

Құсбегі Кеуеновтер қырандарын жемсауы толмай ұшырады. Жазық дала немесе қыратты жер, таулы аумақтарда қанатын ширатып, шынықтырады. Себебі саятшылық үшін құстың таңғы уақытта жаттығуы қақпан-тырнағын қатайтып, қанаттарының бекуін қамтамасыз етеді.

 

Мырзадәулет Паң, бүркітші: «Менің әкем «Қыранды ерекше ықыласпен құрметтеу керек» деп әрдайым айтып отырады. Сондықтан бүркітке аз-кем тамақ беріп, 500-600 метр биіктікке дейін ұшырып, жарыстарға жаттықтырамыз. Қанатының астына жиналған майлардан осылай арылмасақ, ол дұрыстап қанатын кеңге жая алмай қалады.»

Қыран өзінің тектілігі мен тегеурінін танытқанды жақсы көреді. Дәлірегі, тырнағына ілер жемтігін іздеп, жүйіткіп ұшу кезінде бір сәт, санаулы секундтардың ішінде қуанып та, ашуланып та үлгереді. Сондықтан құс үлкен күтімді қажетсінеді екен. Көбіне өз жемтігін өзі табады. Бірақ, асы жақсы қорытылып, сіңімді болуы үшін құсбегілер көбіне арнайы тәртіп-ережеге бағынатынын да жасырған жоқ. Айтуларынша, бүркіттер көбіне құнары жоғары етпен қоректенеді, күніне кестеге сәкес салмағы кемінде 1 келі ет жейді.

Сейдулла Паң, құсбегі: «Өзі аулаған аңды өзіне береміз. Бірақ, жай емес, түлкіні сойып, соның етін жылы сумен шайып, 10-15 минуттай жібітіп, етті алдына ұсынамыз. Бұл асты «Ақ жем» дейміз. Сондай-ақ, ерекше ескеруге тиісті тағы бір талап – бүркітке ешқашан тұрып қалған етті бермеу керек, ол қауіпті, тіпті соңында құстан айырылып қалуыңыз мүмкін. Ал түлкінің терісін бір жеті бойы күнге қақтап, бөрік жасап киіп аламыз».

Ал өңірімізде ұлттық өнердің ұмыт қалмай, тиісінше дамып, саятшылықтың сейілмеуіне сеп болып жүрген мемлекеттік мекеме бар екенін білесіз бе? Облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған ұлттық спорт мектебі осыдан 7 жыл бұрын қызметін бастаған. Қазір мұнда арнайы «Бүркіт» бөлімі жұмыс жасайды.

Ғани Ахметбаев, облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған ұлттық спорт мектебінің директоры: «Бізде Төлеби ауданында Кеңесарық деген елдімекен бар. Сонда Кеуеновтер отбасы осы «Бүркіт» бөліміндегі жұмыстарды атқарып отыр. Сабақтар да сонда өрбиді. Қазір аталған бөлімде 17 шәкірт осы саятшылықты меңгеруде. Ал бүркіттерге келетін болсақ, киелі құс болғандықтан, қырандар сатылмайды. Оны табиғаттан жай ұстап алуға да тыйым салынған. Сондықтан біз қолдағы бүркіттермен  біраз жұмыс жасап, жасы келіп, жалқаулағанда қайта табиғатқа ұшырып жібереміз.»

Иә, білім ұясы басшылығының айтуынша, мекеменің жасағында меншіктеп алған құсы жоқ, ал жаттығу-сабақтар әдеттегідей белгілі бір бөлмеде емес, ашық аспан астында, таулы аймақтарда өрбиді. Сондай-ақ, қазір саятшылықтың саф түрі, кәсіби үлгісі кеңінен дамуы үшін құсбегілерге мемлекет тарапынан мейлінше жағдай жасалып, қолдау көрсетіліп-ақ жатыр. Өкінішке қарай, соның өзінде саятшылардың қатары сейіліп барады екен.

– Қазіргі адамдардың құсты баптауға деген қызығушылығы төмен. Ал біздің «Бүркіт» бөліміндегі жаттықтырушыларға 100 мың теңге көлемінде жалақы бекітілген. Ал спортшыларға қосымша стипендия беріледі. Ай сайын 20 мың теңгедей алып отырады. Бұған қоса жарыстар мен фестивальдерде үздік көрсеткішке қол жеткізгендерге тағы да теңгелей тарту тапсырылады, – дейді облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған ұлттық спорт мектебінің директоры Ғани Ахметбаев.