Депутаттар облыс бюджетін талқылады

Облыс бюджетінің бүйірі бұлтиды. Қаржының бөлінуін талқылаған депутаттардың қарауына 4 мәселе енгізілген болатын. Олардың арасындағы алдағы 3 жылға арналған облыс бюджетін нақтылау мәселесі қызу талқыланды. Жоба мақұлданып, депутаттардың ұсынысы ескерілсе, Мақтааралдағы, Төлеби аудандарындағы жолдар жөнделіп, Кентаудағы шайынды суларды тазарту қондырғыларының құрылысына тиісті құжат әзірленеді. Ал Шардарағы егістік алқаптарында голландиялық пияз өсірілетін болады.

Оңтүстік үшін жағымды жаңалық – облыс бюджетінің көлемі ұлғайды. Республикалық бюджеттен келіп түскен нысаналы трансферттер және кредиттер есебімен күнгейдің қоржынындағы қаржы 500 млрд теңгеден асты.

2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы шешімге өзгерістер мен толықтырулармен келіскен депутаттар өздері сайланған елдімекендегі мәселелерді алға тарта бастады. Мысалы, Шымкенттегі №1 округтен сайланған депутат Қызылжар шағынауданына 900 балаға шақталған мектеп салуға қаражат бөлуді көтерсе, Төлеби ауданынан сайланған халық қалаулысы Отырар кітапханасына көлік керегін атап өтті. Сонымен қатар 1 Мамыр ауылындағы қалып қойған бір көше жолын жөндеуді ұсынды.

Қуашбай Саттаров, облыстық мәслихаттың депутаты: «Төлеби ауданындағы 1 мамыр ауыл округіне қарасты Зағамбар ауылындағы төрт көшенің біреуі қалып кеткен. Соны жөндеуге қаражат бөлсеңіздер.»

Қамытбек Айтөреев, облыстық мәслихат депутаты: «Мақтаарал, Шардара аудандарының арасындағы жолдары жөндеуді қажет етеді.»

Облыс әкімдігінің жауаптылары да жақында ел аралап, ауданаралық жолдардың тозығы жеткеніне көздері жеткен.

Дархан Сатыбалды, облыс әкімінің бірінші орынбасары: «Бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Облыстық маңызы бар жолдар міндетті түрде жөнделеді. Біздің анықтағанымыз – 89 шақырым жолдың тозығы жеткен.»

Республикадағы 27 моноқаланың қатарына енген Кентаудың бүгінде ахуалы түзелуде. Алдағы үш жылдық жоспарға кеншілер жер мәселесін шешуге жобалық-сметалық құжат әзірлеуге 120 млн теңге бөлуді сұрануда. Түлкібас ауданындағы ескірген 4 мектеп пен 4 клубтың күрделі жөндеуіне де 1 млрд теңгеге жуық қаражат керек екен. Ал Қазығұрт шағынауданының тұрғындары Шымкенттегі Құрсай шағынауданындағы емхананың құрылысына бөлінген жер учаскесіне қатысты мәселе шешілсе екен дейді.