Мақтаарал ауданындағы Бірлік мектебінің оқушылары тоңуда

492
Мақтаарал ауданындағы Бірлік мектебінің оқушылары тоңуда

Мақтаарал ауданындағы Бірлік атындағы мектептің жылу жүйесіндегі ақаудың салдарынан балалар қыс бойы тоңып келген. Оған қоса аудандық білім бөлімі тапсырымен жеткізілген қатты отынның да қуаты тым төмен болған дейді қазандықтың жұмысына жауаптылар.

Көп жылдары айтылып келе жатқан мәселе жақында аудан басшысының халық алдында есебінде кезекті рет көтеріліп, аудандағы табиғи газға көшетін 20 мектептің қатарына енгізілді.

Мырзашөлдегі бұрынғы Ленин жолы, қазіргі Құдайберген Пернебаев ауылындағы Бірлік атындағы мектеп көмірмен жылытылады. 2016-2017 жылғы жылу маусымына білім ордасы 180 мың тонна қатты отынға жасаған. Білім ордасының басшылығы отын қоры жетпеген соң ақпан айының ортасында тағы 30 тонна алуға мәжбүр болған. Алайда оқушылар қыс бойы тоңғанын айтады.

Жансая Тұрақова, Бірлік мектебінің оқушысы: «Қыс бойы суық болды. Сырт киіммен отыруға мәжбүрміз. Әсіресе спорт залы қатты суық.»

Алтынай Айбекова, Бірлік мектебінтің оқушысы: «Таңертең ғана от жағады. Барлық жер суық. Өткен жолы барлығымыз тұмау болдық.»

Өткен ғасырдың 70-жылдары пайдалануға берілген мектеп күрделі жөндеу көрмеген. Қаржының тапшылығы салдарынан терезелер 2012 жылы жаңаланған. Бір жылдан кейін жылу жүйесіндегі ақаулар біршама жөнделіпті. Қазандық істегеннің өзінде ғимараттағы спорт, мәжіліс залы және дәліздер жылымайды. Электр жарығы да сөніп, жығылғанға жұдырық болғанын мұндағылар жасырмайды.

Жанұзақ Әлімбаев, мектеп қазандығының жұмысшысы: «Жарық өшіп қалды. Жарық шығаратын мотор түнде істемеді. Қазір от жағамыз. Көмірдің сапасы нашар.»

Мектептегі әбден тозығы жеткен жылу жүйесі жайлы аудан әкімдігі мен білім бөлімі хабардар. Жылу жүйесі жаңаланбай, қандай көмір жағылса да, ғимарат жылынбайтынын мектеп директоры да жақсы біледі. Сондықтан бұл мәселені жоғары деңгейде көтеруді тоқтатпайды. Бекер емес, нәтиже бар.

Бибігүл Шырымбекова, Бірлік мектебінің директоры: «Жылу жүйесі дұрыс жасалмаған. Еш жылымайды. Фойелер, дәліздер суық. Сыныптардағы батарейлердің саны нормаға сәйкес емес. Өздеріңіз байқаған шығарсыздар. Бұл мәселе аудан әкімінің халықпен кездесуінде айтылып, мектебіміз табиғи газға қосылатын 26 мектептің қатарына енетін болды. Күрделі жөндеуге де қаржы бөлетін болды. Соның барысында жылу жүйесі жөнделеді.»

Мектепте бір жылыту маусымында 210 тонна көмір жағылады. Ал қатты отын бағасының жаңа жылдан бастап қымбаттағанын ескерсек, білім ошағына тез арада табиғи газға көшкен тиімді секілді. Ал аудан әкімдігі бұл мәселені Құдайберген Пернебаев ауылын газдандырғанда неліктен бірден шешпегені түсініксіз.