Маятас ауылында ауызсуды жапқан кім…

449
Маятас ауылында ауызсуды жапқан кім...

Шымкенттің бір қиырында халық ауызсусыз қала жаздады. Үш тәулік бойы тіршілік нәрінен айрылған Маятас елдімекенінің тұрғындары көшеге шықты. Халықтың айтуынша, «Леңгір су» мекемесінің жұмысшылары ауыз суды қасақана бекітіп қойыпты. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін осында арнайы келген тұрғын үй, коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы көпшіліктің наразылығын тыңдап қайтты.

Маятас елдімекені бүгінгі таңда Шымкент қаласының құрамында. Бұған дейін «Леңгір су» мекемесінде жұмыс жасаған су сорғыш станциясының жұмысшылары ақпан айынан бастап Шымкент әкімдігіне қарасты ТҮКШ бөлімінің қарамағына өтіпті. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін еңбекақымызды жарытып ала алмай жүрміз дейді.

Сауқымбек Байымбетов. оператор: «Жалақы мәселесі шешілген жоқ, аванс деп 5 мың теңге берді.»

Талғат Қасымбеков, ТҮКШ бөлімінің басшысы: «Жалақы мәселесін шештік қой, өткен айда 15 мың теңге, наурыз айына 5 мың теңге бердік.»

Маятас ауылында ауызсуды жапқан кім...
Тұрғындар осы өзеннен су ішкендерін айтады

Ақпан айынан 15 наурызға дейін 5 мың теңге жалақы алған жұмысшылар ашуға салып, тұрғындарға берілетін суды бекітіп қойыпты. Ауызсудан қағылған ағайын амалсыз Бадам өзенінің жағалауындағы бұлақтан суды тасып ішкендерін айтады.

«Міне, осы жерден су тасып іштік. Ал бүгін өзен тасып жатыр, енді қалай су аласыз?»

Қала құрамына кірдік деп қуанған Маятастықтар кәріз мәселесінен де қиналып жүр. Көп қабаты үйден аққан барлық шайынды су Бадам өзеніне құйылады екен. Шаһардың коммуналды саласына жауаптылар тұрғындармен кездесіп, барынша ақталып бақты, проблеманы оңтайлы шешуге уәделерін беріп кетті. Ал шенеуніктердің құрғақ уәделерінен шаршаған маятастықтар аптап ыстықта ауызсу мәселесі қайта көтерілуі әбден мүмкін деген күдікпен қалды.

Нұрлан Жаңабай