26 наурыз күні Оңтүстік өңірінде түрлі деңгейдегі мәслихаттағы бос орындарға сайлау өтті. Облыстық мәслихатқа №25 және 31 округтарда, Шымкентте №1 және 5-ші сайлау округтерінде, ал Сайрам ауданында №3 округке келген сайлаушылар өз таңдауын жасады. Біздің телеарнамыздың түсіру тобы Шымкент қаласындағы №50 сайлау учаскесінде болып қайтқан еді.
Әбілхан Қастеев атындағы көркем сурет колледжі жатақханасының бірінші қабаты адамға толы. Мұндағы қалалық мәслихат депутатын таңдауда №5 сайлау округіне қарасты №50 сайлау учаскесіне қарасты 1676 сайлаушы бар. Оны біз хатшыдан БАҚ өкілі ретінде тіркеліп, білдік. Саяси іс-шараға аға буын өкілдерімен бірге жастардың да қатысуы олардың жауапкершілігін танытса керек.
Комиссия мүшелері дауыс беруге келгендерді тізімнен іздеп, тапқан бойда қолдарына бюллетеньдерін ұсынуда. Сайлаушылардың конституциялық құқығын қамту мақсатында мұнда жеке кабина және депутат ретінде көретін үміткердің тегі көрсетілген парақша тастайтын жәшік қойылған. Айта кететін жайт, сайлау барысын бақылаушылармен қоса үміткерлердің сенімді өкілдері де бақылауда.
№50 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы туындаған барлық мәселелерді шешуге тырысуда. Көп кездесетін мәселенің біріне жауап ретінде сайлаушылардың отбасындағы мүшелеріне дауыс беруге рұқсат етілмейтінін айтудан жалықпайды.
Өз міндеттерін орындаған сайлаушылар өздерінің таңдауын еш қысымсыз жасағанын айтуда. Және депутат болуға лайық деген азаматтың өз уәдесінде тұрып, бағдарламада әрбір тармақты орындаса дейді.
Еске сала кетейік, №5 қалалық сайлау округінде қалалық мәслихат депутаттығына былтыр наурызда Айдар Ниязов сайланған еді. Алайда оның саяси қызметі ұзаққа бармады, пара алды деген айып тағылды. Енді сайлаушылар халық қалаулылары жолдан таймай, ел игілігіне қызмет етсе, қоғамдағы қордалаған мәселелер кезеңімен шешілер еді дейді.
Бүгін түс ауа осынау сайлаудың алғашқы қорытындылары белгілі болды. Сонымен, облыстық сайлау комиссиясының мәліметтеріне сүйенсек, саяси іс-шара қорытындысымен №25 облыстық сайлау округі бойынша «Рауан» компаниясының директоры, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, 1965 жылы туған Омаров Нұрлан Мамрайханұлы жеңіске жетсе, №31 сайлау округі бойынша «Азамат-Р» серіктестігінің басшысы, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, 1965 жылғы Төлендиев Бекасыл Расұлұлы облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Ал №11 округте сайлау өтпеді.
Шымкент қалалық №1 сайлау округі бойынша жеңіске Сұлтанова Төрайым жетіп, кәсіпкер азаматша қалалық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Ал №5 сайлау округі бойынша Мұрат Орманов қалалық мәслихат депутаты болып сайланды. Сайрам аудандық №3 сайлау округі бойынша сайлаушылардың басым дауысына ие болған Батырхан Егембердиев аудандық мәслихат депутаты болып сайланды. Айта кететін жайт, сайланғандардың барлығы — «Нұр Отан» партиясының мүшелері.