Түркістан облысында 4 ауданның әкімі сайланды

638

Түркістан облысындағы 4 ауданда пилоттық режимде әкім сайлауы өтті. Сайлау қорытындысына сәйкес Созақ ауданының әкімі болып Мұхит Тұрысбеков, Мақтаарал ауданына Бахыт Асанов, Шардара ауданына Арман Қарсыбаев, Бәйдібек ауданына Ерлан Нұрмаханов әкім болып сайланды.

Атап айтқанда, Бәйдібек ауданы бойынша сайлауда 3 кандидат бақ сынады. 28807 сайлаушысы бар ауданда дауыс беруге 16729 сайлаушы қатысты. Сайлау қорытындысы бойынша 9379 дауыспен 1973 жылы туған  «ERNUR» корпорациясы» ЖШС директоры болып қызмет атқарып келген Ерлан Заиыпұлы Нұрмаханов аудан әкімі болып сайланды.

Мақтаарал ауданы бойынша сайлауға 3 үміткер қатысып, сайлаушылар тізіміне 70648 азамат енгізілді. Дауыс беруге – 46114 сайлаушы қатысты. Сайлау қорытындысымен 29338 дауыспен Мақтаарал ауданының әкімі болып Бахыт Асанов сайланды. 1962 жылы дүниеге келген Бахыт Нәсірханұлы осыған дейін Мақтаарал ауданының әкімі болып қызмет атқарып келген.

Созақ ауданы бойынша сайлауға 3 кандидат қатысып, оларға 23948 сайлаушы дауыс берді. Сайлау қорытындысымен  16016 дауыс жинаған Мұхит Тұрысбеков аудан басшысы болып сайланды.

Мұхит Сексенбайұлы 1967 жылы дүниеге келген. Осыған дейін Созақ ауданының әкімі қызметін атқарып келген.

Шардара ауданы бойынша  сайлауға 3 үміткер тіркелген. 29929 сайлаушы қатысып, 18259 дауыспен Шардара ауданының әкімі болып Шардара аудандық мәслихатының төрағасы қызметін атқарып келген Арман Қарсыбаев сайланды.

Арман Романұлы 1977 жылы дүниеге келген. Армрестлинг спортынан талай чемпионды тәрбиелеп шығарған ол «Шардара Армспорт» клубының негізін қалаушы.