Наурыз мерекесі қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінде жеке құрам мен шақырылған құрметті қонақтардың қатысуымен салтанатты жиын өтті. Салтанатты жиынды ашқан ОҚО ІІД-нің басшылығы Наурыз — жылдың бастауы, ішкі істер органында қызмет етіп жүрген өзге ұлт өкілдерінің бас қосып мерекелейтін тойы деп атап көрсетті.
Сондай-ақ, полицейлерге Наурыз мерекесінің шығу тарихы мен салттары жөнінде айтып өтті. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері жөнінде фильм көрсетілді.
Одан ары салтанатты жиын эстрада жұлдыздарының қатысуымен концертке ұласты. Полиция қызметкерлерін мерекемен құттықтап, әсем әндер орындады. Ал департаменттің басқарма, бөлім құрылымдары арасында Оңтүстікті мекен ететін ұлттардың ұлттық дәстүрінен көрме жасалып, тағамдарынан дастархан жайылып, байқау ұйымдастырылды. Барлық басқармалар қазылар алқасына өздеріне бөлінген ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениетін таныстырып, ұлттық әндерін шырқады.
Байқау нәтижесінде әділқазылар жеңімпаздарды анықтады. Атап айтқанда, үшінші орын әкімшілік полиция басқармасының еншісіне тиді. Екінші орынды ОҚО ІІД штаб басқармасы иеленді. Ал бірінші орынды ақпараттық-сараптамалық және техникалық қызмет басқармасының қызметкерлері жеңіп алды. Барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен мақтау қағазы тапсырылды.