16-наурыз — ұлттық кино мен анимация күні. Осыған орай облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңіріміздегі кино мен анимация саласында еңбек етіп жүрген бірқатар сценаристермен, кинорежиссер және актерлармен кездесті. Жиында киноөндірісте кездесетін кедергілер мен бүгінгі айтулы жетістіктер сараланды.
Тарихи шежіре-туындылар мен ертегілерді дайындауда қазір көш бастап жүрген «Сақ» және «Таласфильм» студияларының жұмыстары да ескеріліп, мекемелердің техникалық қабілет-қауқары сөз болды. Мәселемен етене танысқан облыс әкімі алдағы уақытта киногерлердің еңбегі мен саланың кем-кетігін түзеу үшін тың жобалар жасалып, мейлінше өзі қолдап-қуаттайтынын жеткізді.
Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі: «Кино арқылы біз Оңтүстіктің атын республикаға, ал Қазақстанды әлемге таныта аламыз. Ал сол фильмді жасайтын автор және режиссер, шығармашылық топ, әртістер — біздің мақтанышымыз! Сондықтан бұған дейін өздері сүйреп келген арбаларын, өздері жасап келген жұмыстарының жылжуы үшін, дамуы үшін бар жағдайды жасаймыз. Жүйелі түрде көмек береміз. Айтарым — енді киноны мейлінші қолдайтын, бар жағдайды жасайтын боламыз.»
Кездесу соңында «САҚ» киностудиясының тағы бір туындысы таныстырылды. Мемлекеттік тапсырыс негізінде түсірілген «Ерлік» фильмінің тұсауы кесілді. Толық метражды туындыда табиғат қорғаушылар мен оны арандатушылар арасындағы айқас көрініс тапқан. Әкесі мен перзенті Ерболдың қазақ даласы мен ондағы аң-құстардың өміріне араша болуы, қызғыштай қорғауы да баяндалады. Айта өтейік, кино өңіріміздегі «Ақсу Жабағылы» қорығында 2 ай бойы түсірілді. Ал басты рөлді сомдау тәжірибелі актер Марат Оразметке жүктеліпті.
Марат Оразмет, актер: «Қиын болғаны сол — физикалық тұрғыда. Төбелес бар арасында, тауға өрмелеу деген сияқты. Бірақ барлығына шыдап бердім. Себебі мен кейіпкерімді жақсы көрдім. Сол арқылы рөлімді сәтті ойнап шықтым деп ойлаймын. Шынайы өмірде ұқсастығым да жоқ емес, мәселен, мен өз кезегінде табиғатты, қоршаған ортаны жақсы көремін. Тіпті жерге бір қоқыс түссе, соны ерінбей барып тазалап келетінім бар.»