Сайрамда табылған сәбидің жағдайы жақсарып келеді

781
Сайрамда табылған сәбидің жағдайы жақсарып келеді

Оңтүстікте тағы да бір тастанды бала табылды. Сайрам ауданына қарасты Ақбұлақ ауылында табылған шақалақты анасы туа салысымен сөмкенің ішіне салып, жалаңаш күйінде көшеде тастап кеткен. Жаңадан туылған баланың алғашқы да жағдайы ауыр болғанмен, әупірімдеп аман қалды.

Періштесі қақты деген осы шығар. Туған анасы қыстың суық күнінде далаға тастап кеткен шақалақтың алғашқыда жағдайы ауыр болатын. Жедел жәрдеммен жеткізілген балақайға дәрігерлер шұғыл түрде қарқынды терапия жасап, өмірін аман-сақтап қалған. Қазір тастанды бала инкубаторда ем қабылдауда.

Сайрамда табылған сәбидің жағдайы жақсарып келеді

Дүние есігін аша салысымен тағдыры шытырманға айналған сәбиді дәрігерлер ерекше балақай дейді. Өйткені сол құлағында нышан бар. Мұндай артық белгімен туылатын нәрестелер сирек кездеседі. Сондықтан, дәрігерлер қыз баласына Артуғай деген есім беріпті. Осылайша көшеден табылған тастанды бала мұндағы дәрігерлердің көзайымына айналған.

 

Нұрсұлу Кенжебекова, нәрестелер бөлімшесінің меңгерушісі: «Түскен кезде жағдайы ауыр еді. Өйткені денесі қатты суықтап қалған, мерзіміне жеткен белгілермен келген. Салмағы 3 келі 888 гр, бойы — 59 см. Антибиотиктер салдық, дене қызуы біртіндеп түсті. Қазіргі жағдайы орташа.»

Ауыл тұрғындарының пайымдауынша, көкек ана баланы әдейі осы жерге тастап кеткен. Өйткені бұл көше үлкен әрі адамдар үзілмейді. Сол күнгі оқиға орнында әлі күнге дейін қан іздері жатыр.

 

Тастанды баланы алғаш көрген жан — Гүлмира Серікбаева. Ол 4 наурыз күні мектепке жұмысқа бара жатқан кезде үйінің маңындағы арықтан жылаған баланың даусын естіпті. Жүгіріп барса, қытайлық сөмкенің ішінде жаңадан туылған нәресте жалаңаш жатыр екен. Кіндігі кесілмеген балқайдың денесінің тоңып қалғанын байқаған Гүлмира ойланбастан алғашқы көмек көрсеткен.

Гүлмира Серікбаева, кітапханашы. «Бала жалаңаш, жабылмаған. Кіндігі кесілмеген, жаурап қалған. Сосын сөмкеден шығарып, денесін күнге қаратып қойдым. Содан жедел жәрдем келді. Алғашқы көмекті көрсетті. Баланың кіндігін кесті. Жаурап қалғанына қарағанда анасы бір-екі сағат бұрын босанған сияқты.»

Баланы кездейсоқ тауып алған Гүлмира апай тастанды қызды асырап алғысы келеді. Өйткені тағдырдың жазуымен шақалақтың ары қарай өмір сүруіне себепші болғым келеді дейді. Бірақ, бұл балақайды ата-анасы кім болары әлі белгісіз. Дегенмен, қазірдің өзінде сәбиді асырап алуға ниет еткендер көп. Ал құзырлы орган өкілдері айдың-күннің аманында туған баласын далаға тастап кеткен көкек ананы іздестіруде.