Сайрамдықтар кәріздің қолаңсасына тұншығып отыр

295
Сайрамдықтар кәріздің қолаңсасына тұншығып отыр

Шымкент қаласына Сайрам ауданынан қосылған елдімекен тұрғындарының өздері сайлаған депутаттарға айтар талап-тілегі бар. Көпшілікпен кездесуге ауылға келген екі депутат елдімекендердегі қордаланған мәселелердің шешілуіне ықпал етуі тиіс. Ал ондай проблемалар бұл ауылда жетерлік. Соның бірі кәріз суына қатысты.

Сансыз баптың мекені Сайрамның қақ орталығы нағыз індеттің ошағына айналуы әбден мүмкін. Ауыл ақсақалдары осылай деп алаңдап отыр. Елдімекендегі ауруханадан аққан кәріз жүйесінің шайынды суы Ақсу өзені мен каналдарға құйылып жатыр. Ал айтқанға әзірге құлақ асар атқамінер жоқ дейді тұрғындар.

Сайрамдықтар кәріздің қолаңсасына тұншығып отыр

Ауыл ақсақалы: «Міне, өздеріңіз көріңіздер, сасық судың ағып жатқанына бірнеше жыл болды. Айтпаған адамымыз қалмады. Өткенде әкімдердің жылдық есебінде қала әкіміне айттық, келіп көруге уәде берді, бірақ өзгеріс жоқ.»

Жыл басындағы кездесуде әкімдер тарапынан берген уәде әлі орындалмады. ТҮКШ бөлімінің мамандары осында келіп, келеңсіздікті көргендерін айтып, ағынан жарылып отыр. Бірақ дәл қазір олқылықтың орнын толтыру мүмкін болмай тұр.

Нұрлан Бектұрсынов, ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары: «Біз кәріз жүйесін қайта құрудың жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге тапсырма бердік және мәселені зерттеп жатырмыз.»

Атқа мінерлердің айтқан жауаптары осы. Ал сайрамдықтар ауылдың қақ ортасынан ағып жатқан қолқаны қабатын сасық судан келер қауіп күн жылына күшейеді деп алаңдаулы.

Нұрлан Жаңабай