Шымкенттегі «Көрме» орталығында әйелдерге құрмет көрсетілді

722
Шымкенттегі "Көрме" орталығында әйелдерге құрмет көрсетілді

Аяулы аналарды құттықтау жалғасуда. Шымкенттегі көрме орталығының ұжымы 8 Наурыз – халықаралық әйелдер күнімен барша оңтүстікқазақстандықтарды шын жүректен құттықтай отырып, шынайы көңілден шыққан ең ізгі тілектерін жолдайды. Бұл күні ақ жаулықты аналардың құрметіне концерт қойылып, дәстүрге айналған арнайы мерекелік шара ұйымдастырылды.

Көрме орталығының ұжымы 8 Наурыз — халықаралық әйелдер күні қарсаңында түрлі саладағы іскер әйелдер мен зейнеттегі апалардың басын қосты. Мерекелік іс-шара барысында ақ жаулықты аналарымыздың құрметіне әсем ән шырқалып, жиналғандарға шаттық көңіл силады.

Салтанатқа арнайы шақырылған меймандар өздерінің жетістіктерімен бөлісіп, оңтүстікқазақстандық әйелдерге жылы лебіздерін білдірді. Өмірлік жолдары өскелең ұрпаққа үлгі болар аналарға қандай құрмет көрсетсек те жарасары сөзсіз. «Парасат» орденінің иегері, Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, халық ақыны Әселхан апамыздың жерлестеріне айтар тілегі дайын.

Әселхан Қалыбекова, халық ақыны: «Әжелер жоқ дейді. Біз олардың орнын басып келеміз. Ұл-қыздарымызды жақсылап тәрбиелеуге ат салысайық. Қариялар біздің қазынамыз ғой. Ақ жаулықты аналарымыздың ақ сүтін ақтауға тырысайық. Бүгін келін, ертең ана, ене. Сондықтан тәрбиені отбасынан, бесіктен бастаған жөн. Бүгінгі ұрпақ — мемлекетіміздің келешегі.»

Рауза Алтаева — білім беру ісіне сүбелі үлес қосқан тәжірибелі ұстаз. Бүгінде бұл кісінің шәкірттері түрлі салада еңбек етуде. Оқушылар сарайының басшысы Наталья Романова өскелең ұрпақтың тәрбиесімен көп жылдары айналасып келеді. Ал Қазақстан шеберлер одағының мүшесі Бибіажар Симованың өнерімен таяуда вьетнамдықтар танысады.

Бибіажар Симова, Қазақстан шеберлер одағының мүшесі: «Еңбегімнің нәтижесінде шет мемлекеттерді көп аралаймын. Қазақ елінің  өнерін өзгелерге паш еткенімді мақтан тұтамын. Үйренемін деген азаматпен шеберлігіммен бөлісуге дайынмын. Өнерге жақын бала жамандықтан аулақ болады. Жаны әсемдікке, рухани құндылыққа жақын болады.»