Халық қалаулылары көп балалы аналарға рухани тарту жасады

568

«Аналар — асыл жандар!» Күнгейде осындай тақырыппен халықаралық мейрамды тойлау басталып кетті. Бірқатар халық қалаулылары мереке қарсаңында көп балалы аналарды арнайы құттықтап, сый-таралғысын табыстады.

Қазақтың төл туындылары, тың шығармаларды ден қойып, қуана қабыл алушылар қатарында әдеттегідей көпшілік емес, тек әйелдер қауымы. Мерекелік концерттік кеш пен құттықтау лебіз, ақжарма тілектер де кеш кейіпкерлері — көпбалалы аналардың құрметіне арналды.

Гүлзада Әбуова

Гүлзада Әбуова — көпбалалы, алтын құрсақты ана. Бүгінде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, 10 перзентінен 41 немере, 4 шөбере сүйіп отыр. Кештің арнайы қонағы — 70 жастағы әжей мереке аясында өз өмірінің жарқын беттері мен жанұясының жарасымын марқая жеткізді.

Гүлзада Әбуова, көпбалалы ана: «Рухани концерт ұсынды бізді сыйлап. Жақсы демалдық, көңіліміз көтеріліп қалды. Көпбалалы ана болу үлкен жауапкершілік, өсіресің, өндіресің оларды, бәрінің өзіне лайық сыбағасы бар. Бейнеті бар, кейін өскеннен кейін рахаты бар шүкір!»

«Аналар — асыл жандар» атты мерекелік концертке тек жергілікті өнерпаздар жұмылдырылған. Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония ұжымы қазақтың дәстүрі мен ғұрпы, дала аңыздары аңқыған және ұлттық таным-тағлымнан сыр шертер туындыларды ұсынды. Фольклорлық ансамбль де тойдың төрінен табылды. Ал кештің бас демеушілері — күнгейлік халық қалаулыларының айтуынша, көпбалалы аналарға құрмет тек осы мерекелік шарамен шектелмейді. Депутатар өз кезегінде көмегіне жүгінген нәзік жандылардың жағдайы мен келелі мәселелеріне көз жұмған емеспіз деп ағынан жарылды.

Жандарбек Сыдықов, қалалық мәслихаттың депутаты: «Көп балалы аналардың ең бірінші сұрайтыны — баспана мәселесі, біреуінде газ жоқ, біреуінде су әкелінбеген деген сияқты. Депуттаттық сұраныс деген болады. Әр билік тармағындағы атқарушыларға жолдап, сол кісілердің сұрақтарын, әлеуметтік жағынан болса да жеңілдетсек деген ойымыз бар.»

 

Халық қалаулылары осылайша еліміздің демографиялық дамуына үлесін қосқан әйелдерді ерекше құрметтеп, мерекелік рухани сый-таралғысын жасады. Айта кетейік, бүгінгі таңда Оңтүстікте 1 миллион 440 мың әйел өмір сүреді. Оның 169 330-ы көп балалы аналардың қатарынан табылып отыр. 6157-сі Батыр ана болса, 25426-сы — алтын алқа иегері.