«Қатыгездік»: Кентау полициясы алаяқтық бабымен күдікке ілінген 5 балалы ананы қамауға алды

324

Кентауда алаяқтық бабымен күдікке ілінген 5 баланың анасы қамауға алынды. Балалардың үлкені 13-те болса, кенжесі 2 жасқа толмаған. Алайда көптеген қазақстандық полицияның бұл әрекетін сынның астына алды.

Күдікті әйелдің қамауға алынғаны туралы ақпаратпен «Ағалық болашақ» есімімен белгілі түркістандық белсенді Әлқожа Ерқожаұлы ТікТок парақшасында бөлісті. Видео жүктеген автордың мәліметінше, полиция ғимаратына тергеуге шақырылған 5 баланың анасы балаларын көршісіне қалдырып, бас-көз болып отыруын өтінен екен. Көршісі күдікті әйел тергеуден соң үйіне оралады деген сеніммен күтіп отырған. Алайда арада бірнеше сағат уақыт өткен соң ол түнгі сағат 3-те таксимен балаларды полиция  ғимаратына алып келген.

«Алғашында полициядағылар маған үш сағаттан соң шығады деп айтқан. Кейін түнгі уақытта кезекші қызметкер хабарласып, «Кешігіп жатыр, балаларды орналастыра беріңіз» деп айтты. Түнгі 3-те балалардың шырылдап тұрғанын тергеуші көрсін деп полиция ғимаратына алып келдім. Біреуінің тіпті аяқ киімі болмады. Бір баланың денсаулығында кінәраты бар. Бізді алып келген такси жүргізушісі отбасылық жағдайына байланысты шұғыл кетуі керек болды»,-дейді қамауға алынған күдіктінің көршісі.

Белсенді Әлқожа Ерқожаұлы кенжесі әлі 2 жасқа толмаған баланың анасын қамауға алу қатыгездік деп отыр.

Видеоны көрген желі қолданушыларының басым көпшілігі де полицейлердің бұл әрекетін түсінбей дал болды.

«Не үшін қамаған?», «Адам өлтірмеген шығар. Ана ғой не дегенмен», «Кәмлет жасына толмаған баласы болса, қамауға қақылары жоқ», «Ол адам өлтірсе де балалары үшін керек. Керек уақытында тергесе болады ғой», «Балаларға жаны ашымай ма?», «Бала-шағасынан обал емес пе? Сол кісілердің үстінен шара қолдану керек», «Әрине, қатыгездік», «Жүректі ауыртатын жағдай» деп жазды желі қолданушылары.

Бұл жағдайға қатысты Түркістан облыстық Полиция департаменті түсінік берді. Ведомство мәліметінше, Түркістан қаласының 7 тұрғыны полицияға арызданған. Соған сәйкес Қылмыстық кодекстің  190-бабы “Алаяқтық” бойынша қылмыстық іс қозғалған. 5 баланың анасы күдікке ілінген. Іс құжаттар сотқа жолданып, сот айыпталушының кәмелет жасына толмаған балалары бар екенін ескеріп, үй қамағында болу шарасын берген екен. Алайда 5 баланың анасы үй қамағында отырса да заңмен белгіленген талаптарды бұзып, қылмысын жалғастырған көрінеді. Полиция ресми мәліметінше, күдікті әйел Кентау қаласының 10-нан астам тұрғынын алдап, ақшаларын қалтасына басқан.

«Күдіктінің қайтадан алаяқтық қылмысын жасауына байланысты тергеу жүруде. Әйел полицияға шақырылған уақытта балаларын сенімді адамға тапсырдым деп айтқан. Күдікті қамаққа алынған күні түнгі 03:00-те балаларға қарап отырған көршісі Кентау қалалық полиция бөліміне келіп, балаларды тастап кеткен. Полицейлер бірден балаларды тамақтандырып, дағдарыс орталығына мамандарға тапсырды. Айта кетейік, алаяқтық заңда ауыр қылмыс қатарына жатқызылған» делінген полиция мәліметінде.