Қояншық ауруын емдеу тәсілі өзгерді

9063

2008 жылдан бері эпилепсиямен ауыратын науқастар және олардың жақындары 26 наурызды «Күлгін түсті күн» деп атап өтеді. Идея авторы – 9 жасар канадалық Кесседи Меган. Ол осы күні эпилепсия-мен ауыратындарға көмектесуге үндеу тастаған. Идеясын бүкіл әлем қолдады. Әлемде эпилепсиядан 50 млн адам зардап шегеді. Ал өңірде диспансерлікке есепке алынғандар саны 1400 адамға жуықтайды. Бұл тіркелгені ғана. Себебі, арланып ауруын жасыратындар мен «қазақшылық» ем-домның айналасынан шықпайтындар аз емес. Невропатологтар эпилепсияға шалдыққандардың жазылу мүмкіндігі қазір әлдеқайда көп екенін айтады.

Эпилепсияның қазақша атауы – қояншық. Атауына өзгелер түгілі науқастар үрке қарайды. Емделуге немесе өзгелерге ашық айтуға құлық танытпайтыны сондықтан болар. Бұл – бас-мидың созылмалы ауруы.

Дертке шалдыққан науқаста мынадай клиникалық белгі байқалады: қол-аяғы құрысып, аузынан көбік ағып, ұстамадан аз-кем уақыт аралығында есін жоғалтады. Дерттің мұндай клиникалық белгісі науқаста айы-на, аптасына не күніне жиі-жиі қайталанады. Ұстама кез-келген сәтте, кез-келген жерде орын алуы мүмкін.

Кезінде қояншықты жазылмайтын кесел деп қарағанды. Бүгінгі таңда невропатолог және психотерапевт мамандардың бірлесе жұмыс істеп, жаңа емдеу тәсілдерінің нәтижесінде құлан-таза айығып жатқан науқастар бар екен.

– Жылына бөлімшеде 800-ге тарта осы кеселмен ауыратындар ем қабылдайды. Ми қызметінің бұзылуынан туындайтын аурудың өңірде туа пайда болатын түрі көбірек кездеседі. Ол 40 пайызды құрайды,- дейді облыстық клиникалық аурухананың неврология бөлімшесінің дәрігері Рашид Бакиров.

Дәрігердің айтуынша эпилепсияның түрі көп. Екі түрлі жолмен: туа бітті және жүре пайда болады.
Туа бітті тұқым қуалау – екіқабат әйелдің жүктілік кезіндегі дұрыс күтінбеуі, инфекциялық және өзге ауру салдарынан туындайды. Миға келетін жарақат, ондағы ісік, тамырларға тұрып қалған қатқан қан, сарысулы ісіктен (киста) эпилепсияның екінші түрі мазалайды.

Эпилептикалық синдромның психикалық аурулармен қатар жүруінің себебі бар. Өйткені, әр ұстама кезінде науқастың ми қыртысындағы жүздеген жүйке жасушалары өледі. Жасушалардың азаюы мидың психикалық бұзылысына алып келеді.

Рашид Бакиров науқас аурудың біріншілік кезінде тұрақты түрде ем алмаса ұмытшақтық, шизофрения, деменция секілді қауіпті ауруларға ұласатынын айтады. Емнен бас тарту, емделмеу, тағайындалған дәрмекті қабылдаудың ережесін бұзу – 10-20 жылдың ішінде науқасты психикалық ауруға шалдықтырады.

Рашид БАКИРОВ, невропатол-дәрігер
– Заманауи медициналық жабдықтардың арқасында эпилепсияның біріншілік кезеңін ерте анықтауға мүмкіндік туды. Электроэнцефалография атты құрылғымен науқас тәуліктік тексерілуден өтеді. Онда мидың белгіленген бөлігіндегі ошақты көрсетумен қатар, ұстама кезінде жағдайлар да анықталады. Осы диагностиканың арқасында жедел ем қолданылауда. Мәселен, анықталған мидағы бөгде затты ота арқылы алып тастаған соң, 80 пайыз жағдайда науқастардыңэпилепсиядан арылған жағдайлар кездесті.

Не өзгерді?

Дертке шалдыққан науқастарды емдеуде мемлекеттен тегін дәрі-дәрмектер босатылады. Диспансерлік есепке алынған соң тағайындалатын препараттарды жүйелі түрде қолдану арқылы ауруды асқындырмауға болады.

Алғашқы көмекті қалай көрсетеміз?

Ұстама кезінде науқас ештеңені сезбейді. Сондықтан қояншықпен ауыратын науқастың ұстамасы кезінде бірінші жейдесінің түймесін ағытып, дұрыс тыныс алуына жағдай жасау қажет. Зардап шегушіні қолайлы орынға сол қырымен жатқызып, тілінің тістеп алмауына қарсы әрекетке көшіңіз. Екі тістің арасына ағаш немесе пластмасс зат қыстырып қояды. Сосын аяқ-қолын уқалайды. Қарысқан тістерін күштеп ажыратпаңыз. Құрысу құбылыстары бірнеше минуттен соң өз бетінше тарқайды.

Ұстамадан кейін науқастың ағзасы әлсірейді. Сол себепті, тынығуына жағдай жасаңыз. Ұстама бес минуттан астам уақытқа созылса, тыныс алуында өзгерістер байқалса, абайсызда құлағанда жарақаттанса медициналық көмекті жедел шақыру қажет.

Мемлекеттен қандай жәрдем бар?

– Эпилепсиямен ауыратын науқастарға мемлекеттік тұрғыдан әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Диспансерлік есепке алынған соң, невропатолог-дәрігер жергілікті медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне мүгедектікке құжат рәсімдеуге жолдама береді. Медициналық сараптама науқастың ақыл-ойының қабілеті, мінезіндегі ерекшеліктер және жұмысқа қабілеттілігінің деңгейі секілді жағдайларды ескереді. Науқасқа мүгедектік тағайындалғанда мемлекет тарапынан екі бағытта көмек алады, -дейді ОҚО бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің №3 медициналық әлеуметтік-сараптама бөлімінің басшысы Сырым ШОНАНОВ.

1.Мемлекеттік әлеуметтік көмек
ІІ топтағы мүгедек – 33 999 теңге
ІІІ топтағы мүгедек – 23 970 теңге

2.Арнайы мемлекеттік көмек
ІІ топтағы мүгедек – 3381 теңге
ІІІ топтағы мүгедек – 1453 теңге

Егер эпилепсиямен ауратын мүгедек жанда ұстама айына 5 рет кем болмаса, стационарлық және үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет алады.

Облыстық клиникалық аурухананың тел: 53-63-14

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ