Úı ANONS Мұз сарайын ауқымды жөндеу аяқталып келеді

Мұз сарайын ауқымды жөндеу аяқталып келеді

фото ШӨКҚ
Шымкент қаласындағы Мұз сарайында ағымдағы жөндеу жұмысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда ғимараттың шатырын гидрооқшаулау және жылумен оқшаулау жұмыстарының 95 пайызы аяқталған.
Алдағы кезеңде Мұз сарайының іші жаңартылады. Атап айтқанда, уақыт өте келе сапасы төмендеп, тегістігі бұзылған бетон жабындары толық ауыстырылып, заманауи талаптарға сай қайта төселеді. Сонымен қатар, инженерлік жүйелер жаңартылып, спортшылар мен келушілер үшін барынша қолайлы жағдай жасау көзделген.
Бұдан қоса, мұз айдынының сапасын жақсарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл болашақта халықаралық талаптарға сай жарыстар өткізуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Мұз сарайы пайдалануға берілген уақыттан бері мұндай көлемді жөндеу жұмысы жүргізілмеген. Нысан мемлекеттік меншікке қайтарылғаннан кейін оны толық жаңарту туралы шешім қабылданды.
Жөндеу толық аяқталған соң Мұз сарайы қала тұрғындары мен спортшыларға заманауи талаптарға сай қызмет көрсететін, қауіпсіз әрі жайлы спорт нысанына айналады деп күтілуде. Нысанды тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған.