«Балаларыммен баймын»

346

Бүгінгі қоғамда қалыптасқан «Көп баланы бағу оңай емес, бір-екеуі жетеді. Тамағы, киімі бар, оқыту қажет. Баланы туғанда соны да ойлау қажет қой?» деген пікірді шымкенттік Әбдурахмановтар отбасы жоққа шығарады. Отағасы 42 жастағы Бауыржан Әбдурахманов облыстық ішкі істер департаментінің жол-патрульдік полициясы полкіндегі кезекші бөлімінде қызмет етеді. Жары – Хадиша Ханаева Шымкент қалалық №9 емханасында акушер-дәрігер. 11 баланы бағып-қағып, өсіріп отырған ерлі-зайыптылардың отасқандарына 20 жылдай уақыт болған. 8 қыз, 3 ұл өсіп жатыр. Тұңғышының алды 16-ға толса, сүт кенжесі 4 жасар.

«Ерте тұрған еркектің бір ісі артық, ерте тұрған әйелдің мың ісі артық» деген сөзді берік ұстанатын отбасындағы қарбалас таң атысымен басталады. Мектепке баратын тоғыз баланы тамақтандырады, киіндіреді, сөмкесін дайындап, мектепке жібереді. Он бір баланың он бір түрлі мінезі бар. Ұрсысады, тартысады. Әбдурахмановтардың отбасындағы күнделікі тіршілік осы. «Өмірдің мәні, қызығы солар. Мен солармен баймын»,-дейді отағасы.

Бауыржан: Әкемнің ағайындары оннан асады. Өзім бес ағайындымын. Әйелім де көп балалы отбасыдан өсіп-өнген. Көпшіліктің арасында туылып, көпшілікпен жүрген соң бұл жағдай маған таңсық емес. Балаларды өте жақсы көремін. «Бір қозы туылса, бір жусан артық шығады». Не болмаса әр баланың өз несібесімен туылады деп жатады. Енді, бұл рас сөз. Дегенмен, балалардың киімі бүтін, тамағы тоқ болу үшін еңбек етпесең болмайды? Балаларымызды тарықтырмауға тырысамыз. Құдайға шүкір, ешкімнен кем емес. Таныс-тарым мазақтап, кейде қисық сөзділері «баласы көп екен» дегенді естігенде кекетеді, кейде әзіл-шынын араластырып, «жап-жас болып осыншама балаң бар ма?», «бала-шағаны өмірге әкелерден бұрын бағу жағын ойланбайсың ба?» дейді. Отбасында баланың көбі жақсы. Көп бала бір-біріне бауырмал, сүйеніш. Біреуі аяққа тұрса, екіншісін алға сүйрейді. Жалғыз бала өсіру сәнге айналып кетті. Жалғыздың үні де, шаңы да шықпайды. Шаңырақта бір өзі өскен перзент өзімшіл, мейрірімсіздеу келетіні жасырын емес. Ертеңімізді ойлайтын ұлтпыз. Қартаю да заңдылық. Көптің ішінен бірі болмаса екіншісі ата-анасын ойлайды.

Бауыржан келіншегі Хадишамен 2000 жылы танысқан. Ол кезде Хадиша 19 жастағы бойжеткен. Таныстықтың аяғы жұбайлық өмірге ұласып, бастапқыда олар Сарыағаш ауданының Абай ауылында тұрды. Кейін отағасы ішкі істер органдарына қызметке қабылдануына байланысты Шымкент қаласына қоныс аударады. Ол кезде 4 перзенттің ата-анасы еді. Десе де, олар қалада тұрамыз, жұмыс көп, балаларға бас-көз болатын адам жоқ деп, ұрпақ жалғастығын шетке ысырып қоймады. Күйкі тірлікке, бір бар, бірде тар тұрмысқа қарамастан, бұл жақта да бүлдіршіндерді өмірге алып келе берді. Ауылдағы қара шаңырақты тастап, бізге қолдау көрсетіп жүрген анамның еңбегін айтпай кету азаматтық парызыма сын деді сөз арасында.

Бауыржан: Әкем Тұрғын – құқық қорғау саласында қызмет еткен. Сарыағаш, Түркістан қалаларында тергеу бөлімінің басшысы болған. Анам – Баян ұзақ жылдар музыкалық мектепте есепші қызметін атқарған, қазір зейнет жасында. Әкем 39 жасында өмірден өтті. Шиеттей жас балалар әкесіз қалдық. Анам өмірдің тауқыметін көтеріп, жалғыздығына қарамастан бес баланы бақты-қақты, жоғарғы білім берді. Әрқайсысының алдындағы аналық парызын өтеді.
Қалаға келген соң да балалы болдық, басымызға бас қосылды. Әрбір адамға өз шаңырағы ыстық. Әсіресе, қарияларды туған үйінен ажырату оңай емес. Күні-түні қызметтеміз, жас балаларға әженің тәлім-тәрбиесі де керек екені белгілі. Анам Сарыағаштағы қара шаңырақты тастап, қолдау көрсетуге жаныма келді. Балдырғандарды мектепке шығарып салу, күтіп алу, олардың күніне үш мезгіл тамағы сынды шаруалар сол кісінің мойнында. Екі кішкентайым үйде. Соған қарайды. Алла анама қуат берсін.

Иә, қазіргідей заманда балаларды асырау оңай емес. Отағасының бір жалақысы жетпейді. Сондықтан, Хадиша жұмысқа шығып, отбасын асырауға жарына қолдау көрсетуді дұрыс санаған. 11 баланың анасы қосымша қаражат табуда кешке жұмыс істейтінін жасырмады.

Хадиша: Мектептегі ұл-қыздарымыздың барлығы жақсы оқиды. Жиналысқа барғанда ұстаздары мақтайды. Әжесі жақсы тәлім-тәрбиесін беріп жатыр. Жақсы білім алуда, мейлінше жағдай жасауға тырысамыз. Әкесі буыны қатпаған қыз балаларының кешкілік жұмыс істегенін қаламайды. Ал, олар өскен сайын қажеттіліктері артуда. Сондықтан, қосымша жұмыс істеп, қаражат табуға мәжбүрмін. Балалардың алды биыл мектеп бітіреді. Оларға жоғары білім әперу де нарық заманында қалтаға әжептеуір күш салатыны жасырын емес. Қыз баланың тағдыры күрделілеу ғой. Өзінің нанын тауып жейтіндей болуы керек. «Ұлдардан бұрын қыздарыма жоғары білім алуға жағдай жасауым керек», деп Бауыржан қыздарын көбірек уайымдайды.

Ер-азаматтың жарын, балаларын асырауда өмірін түзде өткізетіні жасырын емес. Ал, бала тәрбиесінде әкенің орны бөлек. Әсіресе, қазіргідей рухани құндылықтардың азғындаған кезеңінде. Бірақ, Әбдурахмановтар отбасында әкенің жүргізетін өз заңдылықтары бар.

Бауыржан: Расында, бүгінде баланың тәрбиесі – тым күрделі мәселе. Ертеректе балалар бірінің киімін екіншісі киіп, екіншісі тістеген нанды үшіншісі жеп жүре беретін. Қазір бұл жағдай мүмкін емес. Он бір балам болса, әрқайсысына киімді, аяқ киімді бөлек-бөлек аламыз. Қайталанса «жанжал» (күліп) басталды дей беріңіз.
Перзенттерімнің әрқайсысына тән мінездерін қарай жақсы көремін. Бірін екіншісіне артық көрмеймін, алаламаймын. Ренжісіп жатса, кешірімді болуға, кек сақтамауға үйретемін. Өзім араласып, тез арада татуластырамын. Бірлікпен, бауырмалдылықпен өмір сүргенде ғана шаңырақта әрдайым береке болатындығын айтып отырамын. Әженің, ананың тәрбиесін көрген ұл-қыздарым жаман болмайды деп ойлаймын. Олардан үлкен үміт күтемін.

Бауыржан ұл-қыздарының қасиеттерін сүйіспеншілікпен жеткізуден жалықпады. Өнерден кенде емес кейіпкеріміз, перзенттерінің жан-жақты болғандығын қалайды.

Хадиша: Бауыржан бұрын гитара, домбырамен ән салғанды ұнататын. Бала-шаға қамымен уақыт тапшылығынан қос аспапта ойнауды ұмытқан болатын. Жақында балаларымызға екеуін де алып бердік. Баларына үйретіп жатыр, бірге ән де салады.

2006 жылдан бері Жол-патрульдік полициясы полкінде сержант болып істейтін Бауыржанның әріптестері арасында да абыройы асқақ, беделі жоғары. Отбасында балаларына жанашыр әке, жақсы жар.

Балалардың киімі бүтін, тамағы тоқ. Өзгелерден артық не кем өмір сүріп жатқан жоқ. Сондықтан ерлі-зайыптылардың ұйқысы тыныш. Дегенмен, Әбдурахмановтар отбасы қалада пәтер жалдап тұрады. Баспана кезегіне де тұрған. Жиренше шешен хан ордасынан үйіне келіп, күркесінен сирағы шығып жатып: «Айқай, өз үйім, кең сарайдай боз үйім» – деген екен. Сол секілді, «кең сарайдай боз үй» бұл отбасыға арман!

Бауыржан қалаға келгелі 20-ға жуық пәтер ауыстырыпты.

«Мемлекеттен тегін берілетін коммуналды баспана кезегінде тұрмын. Берілетін баспана есептегенде әр баланың басына 15 шаршы метрден келу керек. 11 балаға арналған тұрғын үйлерде мұндай жоба жоқ деді, тұрғын үй мамандары. Сол себепті, арендалық баспана алуда бұл мәселе әлі күнге дейін шешілмей тұр. Үйді өзге бағдарламалармен алуда қаржы балалардың ішіп-жемінен артылмай келеді…,- дейді полиция сержанты.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ