Батысқазақстандықтар Шымкентте өндірілетін жылыжай шаруашылығына қажетті құрылғыларға тапсырыс беруі мүмкін. Өңірімізде іс-сапармен жүрген бір топ делегация құрылғанына бес жыл болған кәсіпорында болды. Зауыттың тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алған қонақтар құрылған жылыжайларды да аралап, көріп онда пісіп шыққан көкөністен де ауыз тиіп көрді. Бұл шара алдағы уақыттар тараптардың әріптестік байланысына жол ашады деген сенім бар.
Жылыжай шаруашылығына қажетті құрал-жабдықтың барлығы да осында өндіріледі. 14 түрлі құбырдан бастап 70 түрлі қосалқы бөлшек Шымкенттегі Zero Max Kz зауытында шығарылып жатыр. Инженер Төреқұл Зибасов жас мамандарға көрген-білгенін үйретуде. Негізінен өндіріс барысын қадағалайтын маман кейде осылай дәнекерлеуге де кірісіп кетеді.
Республикадағы жылыжайлар көлемінің 87 пайызын қамтитын күнгейде жыл сайын орта есеппен 150 мың тоннаның көкөнісі өсіріледі. Мұндай шаруашылықтар өңірдегі Сарыағаш, Сайрам, Ордабасы, Қазығұрт аудандары мен Түркістан, Шымкент қалаларында көптеп салынып жатыр бүгінде. Индустрияландыру картасы шеңберінде ашылған кәсіпорын жылына 376 гектар жерге жететін жылыжай құрылымдарын шығаруға қауқарлы. Шымкенттен шыққан құрылғыларға бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыстар түсіп жатыр.
Қадіров Ораз, өндіріс басшысы: «Қарағанды, Шығыс Қазақстанның шаруалары құралдарды бізден алып жатыр. Жақында Қырғызстанға да барып құрып қайттық.»
Жылыжай жабдықтарын шығарумен айналысатын кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен етене танысқан батыстықтар өнімдерге қызығушылық танытып отыр. Күнгейліктермен бірлесіп, заманауи егін түрін ептеп қолға алу қажеттігін ескере кеткен қонақтар ортақ жобаларды да ойластырмақ ниетте.
Мақпал Рысбаева