Биылғы алғашқы көкөніс базарға жеткізілді

444
Биылғы алғашқы көкөніс базарға жеткізілді

Шымкенттің базарларында биылғы алғашқы өнімдер сатыла бастады. Көктемгі көкөністен қияр, қызанақ, қырыққабат пен сарымсақ саудалануда. Бұл бақша өнімдері Сайрам, Сарыағаш ауданындағы жылыжайларда өсіріліп, сауда орындарына жеткізіліп отыр.

Осы тұста айта кету керек, көкөністің бағасы әртүрлі. Мысалы, қызанақтың құны аздап арзандаса, пияздың бағасы, керісінше, қымбаттаған. Жуаның бір келісі 120-130 теңгеден сатылуда. Сатушылардың айтуынша, Шымкенттегі Асар шағынауданындағы жылыжайлардың өнімі бір айдан соң пайда болады.

Биылғы алғашқы қырыққабат Сарыағаш ауданынан жеткізілген. Ұлжан Тоқаева өнімдерді қаптап, сатуға дайындауда. Ағасы Төңкеріс ауылындағы бір соттық жылыжайда өсірген көкөніс бүгінде сұранысқа ие дейді. Шаруалар ерте піскен өнімнің бағасы жоғары болатынын жақсы біледі. Сондықтан көкөністі қыста егіп, көктемде сауда шығаруды әдетке айналдырған. Оған қоса шығындарын өтеуге берілген мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысады.

Базарда биылғы өнімдерден түрлі ташкенттік қырыққабат пен сарымсақ бар. Сатушылар бұлардың бағасы жергілікті өнімдермен тең дейді. Сауданың қыр-сырына қанық Құндызай Амантаева неғұрлым ерте піскен көкөністі көп алып қоюға тырысады. Өйткені Оңтүстік өңірінің тұрғындары көкөністі жақсы алады. Дүкен мен кафе-мейрамхана қызметкерлері қаптап алып кетеді.

Ал қияр мен қызанақ Сайрам ауданындағы жылыжайлардан жеткізілген. Сарыағаштан да көкөніс бар. Бағасына келер болса, қиярдың келісі 220-300 теңгеге дейін, ал қызанақ 350 теңгеден жоғары. Сатушылардың айтуынша Асар шағынауданындағы жылыжайлардың өнімі бір айдан соң пайда болады. Сонда баға түсетіні белгілі. Ал былтырғы өнімдерден Павлодар, Қарағанды және қырғыз картобы бар. Олардың бағасы 120 мен 180 теңге төңірегінде. Жергілікті картоп мамыр айының ортасында саудаланады.

Сатушылар былтыр алма мол болғанын айтады. Бағасы қолжетімді. Польшадан жеткізілген алманың өзі 350 теңгеден саудалануда.