Елбасы қорының құрметіне бөленген жастар жасағы келді

467

Ұлт көшбасшысы – Қазақстанның тұңғыш Президенті қорының өкілдері – өнерлі жастар күнгейліктермен кездесті. Жерлестерімізге ән-тартуын жолдап, шығармашылықта жетістікке жету құпияларымен бөлісті. Өңіріміздегі Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияда өрбіген мәдени шараға біз де қатысып қайттық.

Сүндет Байғожин – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші солисі. Ең бастысы, Елбасы қоры шәкіртақысының иегері. Жас талант жерлестеріміздің алдында тосылған жоқ. Ән-қоржынынан тарту жолдап, шығармашылығындағы жетістігі – жасынан әлемге танылуының құпиясымен бөлісті.

Сүндет Байғожин

Сүндет Байғожин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: «Мен жасымнан шетелде кәсіби білім алдым, әр әннің орындалу тәртібін меңгердім. Тек қазақи нақышта емес, неміс, итальян, француз тілін жақсылап үйреніп, енді аталған тілдердегі шығармаларды емін-еркін еңсеріп келемін. Білесіз бе?! Өмірде опера-еңбектерді дұрыс орындау керек, қате айтуға жол жоқ! Сонда ғана шығарманың мазмұны тыңдарманның жүрегіне жетеді. Ал шетелдік туындыларды шебер айту арқылы Қазақстанды әлемге танытып, мойындатуға үлкен мүмкіндігіміз бар».

Елбасы қоры осыдан 17 жыл бұрын тұңғыш Президентіміз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының құрметіне құрылған. Бүгінде аталған мемлекеттік қор ел аумағындағы таланттардың тасада қалмай, тиісінше, өнерлерінің өрлеп, әлемдік деңгейге танылуын қамтамасыз етеді. Қор жетекшілігінің айтуынша, қазір осы өнер жасағының жастарына сыйақы ай сайын төленіп, шығармашылығы етене дәріптеледі.

Әлия Кайшарова, Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директорының кеңесшісі: «Бізде арнайы грант, шәкіртақы және жобалар үшін төленетін қаржылай сыйлықтар бар. Елбасының атынан әрқайсысына ай сайын 40 мың теңге табысталады. Ал аталған қордың грантын жеңіп алу үшін, білімді болу жеткіліксіз, талантты әрі Қазақстанның патриоты екенін дәлелдеуі керек».

«Астана опера» опера және балет театрының танымал әртістері күнгейге жәй келген жоқ. Елбасы қорының жасаған жағдайымен таныстырып, бекзат өнердің биігін бағамдап-ұсыну үшін бұрылған. Қуантарлығы, белсенді топ көрерменнің ыстық ықыласына бөленгенін байқадық.

Айта өтетін ақпарат, тұңғыш Президент қорының жасағы жыл сайын артып келеді. Биылдың өзінде арнайы грант иегерлерінің саны 80 адамға жеткен, ал 180 адам аталған қордың лауреаты ретінде ай сайын арнайы шәкіртақы алып жүр.