Жоқшылықтың тауқыметін тартып отырған Шымкенттік отбасылар назардан тыс қалмайды. Оларға жомарт жандар қайырымдылық көрсете бастаса, жергілікті билік тарапынан да қолдау жасалуда. Еске салайық, таяуда журналистерге өз мұңын шаққан науқас аналар көмекке зәру екендерін айтқан болатын. Осыған орай жауапты мамандар журналистердің басын қосып, жалғызбасты аналардың қазіргі жағдайы туралы айтып берді.
Осыдан бір ай бұрын қала тұрғыны, алты баласымен тозған тамда тұратын жалғызбасты ана Ділбәр Құттыбай туралы жазған болатынбыз. Ділбар бұған дейін онкологиялық ауруы асқынып, төсек тартып жатып қалған. Шиеттей бала-шағасы бар ана 2005 жылдан облыстық онкодиспансерге есепте тұрған. Десе де уақтылы ем қабылдауға қаражаты болмаған ананың жағдайы қайта нашарлап кеткен. Өсіп келе жатқан ұлдарының тағдырына алаңдаған ана көпшіліктен көмек сұраған еді. 46 жастағы науқас ананың аянышты халін ескерусіз қалдырмаған жергілікті билік бүгінде тиісті көмегін алып отырғанын айтты.
Фарида Оспанова, департамент басшысының медициналық-әлеуметтік сараптама жөніндегі орынбасары: «Ділбар Құттыбай жыл басында құжаттарын тапсырмағандықтан, мемлекеттен берілуі тиіс көмек тоқтатылған еді. Қазір ІІ топ мүгедегі. Сонымен қатар осы сәуір айынан берілуі тиіс көмекті алады және бір реттік 68 мың теңге беріледі.»
Десе де қорғансыз әйелдің баспана мәселесі шешілген жоқ. Өйткені Ділбар Құттыбай Арыс ауданының тұрғыны екен. Сондықтан, тұрақты мекенжайы бойынша тиісті орынға құжаттарын тапсыруы қажет.
Сонымен қатар бұл мәжілісте қала шетіндегі үйді келіні және екі немересімен паналап, өлместің күнін кешіп отырған 49 жастағы Тамара Сейсенованың да мәселесі көтерілді. Бірнеше БАҚ беттерінде ІІ топ мүгедегінің екі немересі және аяғы ауыр келінімен қараусыз қойма ортасында тұрған үйшікті паналайтыны айтылған еді. Өздерін ешкім қумағанына шүкір етіп, мемлекеттен алатын 4660 теңгелік балалар жәрдемақысына күнелтіп келген.
Бауыржан Қуанышбеков, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiнің басшысы: «Қазіргі таңда мемлекеттен берілуі тиіс барлық көмек көрсетіліп, одан бөлек бір реттік 10 айлық есеп көрсеткіш қаржылай көмек берілді. Демеушілер тарапынан азық-түлік, киім-кешек берілді.»
Күйеуі минингит дертімен ауырып, қайтыс болған әйелдің жағдайы мүшкіл. 2012 жылы дәрігерлер Тамара Сейсенқызынан туберкулездің ашық түрін анықтаған. Бір жылдан кейін науқасқа ем жасалып, 2014 жылы диспансерлік есептен шығарылған. Десе де бүгінде науқас әйелдің жағдайы тым ауыр. Ал отбасына азын-аулақ көмек көрсетілгенімен баспана мәселесі заң аясында кезегімен беріледі, дейді мамандар.
Гүлжан Байназарова