Мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау. Қазір көптеген жастар ата-анасының қалаған мамандығын өзі қаламаса да оқиды. Немесе жиі таңдалатын мамандықты оқып, оқу бітіргеннен кейін жұмыссыз жүреді. Осы тұста жаңылмай мамандық таңдау жайында қаламыздағы Саттар Ерубаев атындағы №24 мектеп директоры Ұлжан Әшімқызынан сұрап білдік.
– Баланы болашақ мамандығына бейімдегенде ата-ана нені ескеруі керек?
– Балаға «осындай маман иесі бол» деп айтуынан ол бала сол маман иесі болып кетпейді. Әсер ететін факторлар өте көп. Біріншісі — генетикалық фактор. Бойында шығармашылыққа ата тегінен бейім ұрпақ міндетті түрде бір жағын алады. Мысалы мен №25 мектепте істеп жүрген кезімде Қажымұқанның немерелері оқыды. Ал Қажымұқан – қара күштің иесі. Ұрпақтарының біреуі әнші болса, енді бірі балетпен айналысатын. Яғни олар шығармашылық жағына бейім. Екіншісі — бала мектепке 6-7 жасында қабылданады. Оған дейін оның мінез-құлқы қалыптасып үлгереді. Ана құрсағына біткен күннен бастап сол 7 жасқа дейін ол бала осы жарық дүниеде өзін сезіну процесстерінен өтіп қояды. Үйінде көргенінің барлығы бірінші кезекте әсер етеді. Ең алдымен, ата-анасының айналысатын жұмысы. Әке-шешесі өзінің кәсіби жұмысына бар ынтасын беріп айналысса және балаларын соған қызықтыра білсе, ол міндетті түрде сол жолды таңдайды. Егер бала ата-анасының қызметіне амалсыз барғанын, тек күнкөріс ретінде қарайтынын сезсе, «осы жұмыстан бәлеге қалдым» деген сөздер естісе, ол бала қанша қинасаң да ата-анасының таңдаған кәсібіне бармайды. Біз ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Себебі бала мектептің қарамағында 11 жылын өткізеді. Осы 11 жылдың әр күнінің 6-7 сағатында мектепте, қалған уақытын отбасымен бірге болады. Ертең мектепті бітіргеннен кейін де ол баланың өмірі сол отбасы мүшелерімен ары қарай жалғасады. Бала әке-шешесінен ақыл-кеңес сұрай алса, ол ата-ана — керемет ата-ана. Ол – нағыз ата-ана. Ата-анасынан көп жағдайды жасыр-са, үйінде басқа сөйлеп, былай шыққасын басқа бірдеңе істесе, онда бұл – ата-ананың қателігі. Былайша айтқанда — нашар ата-ана. Ата-ана баласына тұлға ретінде қарап, таңдау мүмкіндігін беріп жатса, бала алдымен өзін тұлға деп таниды. Екіншіден қандай жағдайда да ата-анасынан кеңес алады.
– Баланың мамандық таңдауында мектептің атқарар рөлі қандай?
– Мектепте бірінші сыныптан мамандықтар туралы айтылады. Мұның бәрі де балаға мамандықтар туралы мағлұмат беру болып отыр. Бұл дайындық сыныптарынан басталады. Жоғары сыныпқа келген кезде бәрі ашық айтыла бастайды. Отбасымен бірлесе отырып, оқушының бойында қай жағынан қабілеті басым, не нәрсеге бейім, қолынан не келеді, сол қабілетті дамытып, мамандықты адаспай табуына, ертең қиналмай жұмыс табуына мүмкіндік болатын жағын көбірек қараймыз. Сондай-ақ кәсіби бағдар беруде жоғары оқу орындарының өзі талаптанады. Кәсіптік бағдар беруде еліміздің және шет елдердің жоғары оқу орындарымен жұмыс жасаймыз. Соның ішінде Нархоз университетімен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Олар олимпиада өткізіп, жақсы нәтиже көрсеткен балаларды өздеріне грант беріп, оқуға шақырып жатады.
– Нархоз университетімен мұндай байланыс орнатуға не себеп болды?
– Нархоз – еліміздегі алдыңғы қатарлы экономикалық ЖОО-ның бірі. Қазіргі таңда университет академиялық бағдарламаға, оқыту әдісіне, студенттік өмірге жан-жақты әсер ететін бұрын-соңды болмаған реформа жүргізіп жатыр. Бүгінде осы оқу орнының түлектері Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ шет елдерде экономиканың әр түрлі салаларында негізгі позицияларды иеленуде. Айта кетер бір жайт, 2017 жылдың 15 сәуірінде «Narxoz Challenge» атты олимпиаданың бірінші турын барлық өңірде өткізеді. Қатысушылар білімдерін көрсете отырып осы университеттте грант негізінде оқуға мүмкіндік алады. Бұл оқу орны «Экономика және бизнес» бағытында бакалавриат бағдарламасы бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындарының арасында көшбасшы, жұмыс беруші компаниялардың бағалауы бойынша екінші орында тұр екен. Қазақстандағы гуманитарлық-экономикалық бағытта мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары арасында ең мықты үштікке кіреді. Біздің мектептің базасында олардың олимпиадасы жыл сайын өтеді. Олимпиадалары 3 кезеңнен тұрады. Бірінші туры логика және ойлау қабілетін тестілейді. Екінші турында «Мен грантқа лайықтымын?» тақырыбында эссе жазады. Бұл баланың өзіне сұрақ тастап, өзін ойландырады. Үшіншісі ҰБТ тапсырып болғаннан кейін соның нәтижесіне қарап, олимпиадасына қатысқан балаларды шақырып алады. Олардың 105 грант ұсынады. Грант иегерлерін 3 турдың нәтижесімен анықтайды. Мұндай оқу орындары студенттерден де кемшілік көрмейді және халық арасында өздері жайлы пікірлері де жоғары деңгейде болады.
– Өзіңіз басқарып отырған білім ордасы жайында толығырақ айтып беріңізші…
– Мектебімізде бір мың бес жүздей оқушым бар. Жетістіктері жетерлік. Биылдың өзінде Көкшетау қаласында өткен халықаралық олимпиададан бір алтын екі күміс медал иемдендік. Өнерден Алматыдан гран при алып келеген, спорттан халықаралық дәрежедегі мастер атанған оқушыларымыз бар. Шүкір біз мақтан тұтатын балаларымыз баршылық. Атына заты сай оқу орнына айналу мақсатында бар біліктілігіміз бен білімімізді салып талмай еңбектеніп келеміз.
P.S. Университеттің Шымкент қаласындағы аймақтық қашықтан оқыту орталығының директоры Молжігітов Шыңғыс Темірханұлының айтуынша, тұрғындар олимпиада туралы хабардар. Олай деп сенімді мәлімдеуінің себебі, былтырға қарағанда биыл олимпиадаға қатысуға ниет білдірушілердің қарасы қалың. Тек Шымкент қаласы емес, облыстың аудан-қалаларынан да хабарласып, білім сайысына қатысуға тіркеліп жатқандар аз емес.
Шымкент қ., Желтоқсан көшесі, «Даркөл» бизнес орталығы, 309 кеңсе
8-701-781-93-88, 53-69-76
Жанерке ХУМАР