Оңтүстікте мал дәрілеу басталды

534
Оңтүстікте 441 адамды кене шақты

Күн жылынғалы бері Оңтүстікте 441 адамды кене шақты. Дәрігерлер осылай деп хабарлап отыр. Бір жұбанарлығы, бұл – өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда екі есеге аз дейді санитар мамандар. Қазіргі таңда облыста қырым-қанды қызбасына қарсы залалсыздандыру жұмыстары басталды. Жауаптылар ауа райының жауын-шашынды болуы бұл шараның мерзімінде басталуына қолбайлау болды дейді. Бүгін біздің тілшілер Ақтас елдімекеніндегі дәрі бүрку жұмысының барысын бақылап қайтты.

Таңсәріден ауыл малын жинастырып жүрген Таженов Асан ақсақалдың айтуынша, қолда бар төрт түлікті толық залалсыздандырып шығу үшін бір жетідей уақыт қажет. Бүгіннің өзінде 250 ірі қараға қырым-қанды қызбасына қарсы дәрі бүркілген. Бұдан бөлек 4 мың ұсақ мал бар, бірақ оларды тоғыту үшін алдымен жүнін қырқу керек. Сонда ғана кенеге қарсы күрес әсерлі болмақ.

Асан Таженов, ауыл биі: «Ұойдың жүнін қырықпасақ, пайда жоқ. Жабылып 5-6 күнде қырқып үлгеруге болады.»

Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 75 мың ірі, 122 мың ұсақ мал және 10 мың жылқы тіркелген. Осыншама төрт түлікті түгел дәрілеу үшін 8 тонна «Делтометрин», 4 тонна «Полисар» ұнтағы қажет. Қала бойынша залалсыздандыру жұмысын толық аяқтауға 45 күн уақыт кетеді.

Науқан ұтымды ұйымдастырылса, кене саны кеміп, одан жапа шегетіндер де азаяды. Олай дейтініміз, бүгінге дейін 441 кісіні кене шаққан. Сала мамандары күн жылына ол санның өсетініне сенімді. Себебі өткен жылдың осы мезгілінде 941 адамды кене шаққан еді. Айта кету керек, облысымыздың барлық аудандарында қырым-қанды қызбасына оң нәтиже берген кенелер жүр.

Қырым-қанды қызбасы аса қауіпті аурудың қатарына жататындықтан мамандар мейлінше сақ болуға шақырады. Ал малы бар шаруалар төрт түлігін дер кезінде залалсыздандыруға жағдай жасаулары тиіс. Ол – тегін жүргізілетін шара.

Нұрлан Күдерұлы