Оңтүстікте шегірткеге қарсы дәрілеу басталды

442
Биыл шегіртке болмайды дейді мамандар

Оңтүстікте шегірткелер жер бетіне шыға бастады. Енді айналасы 20 күннің төңірегінде бұл кеміргіштердің көзі жойылмаса, шаруалар тағы да шығынға батуы мүмкін. Осыған алаңдаған салаға жауаптылар дернәсілдермен күрес жұмыстарына білек сыбана кірісті. Бұл шараларды бақылайтын арнайы штаб Сарыағаш ауданында болып, соңғы дайындықтарын пысықтады.

Өткен жылғы жағдай сабақ болған жауаптылар залалсыздандыру жұмыстарына биыл қызу кіріскелі отыр. Штаб жұмысымен танысып шыққан ңір басшысы шегірткемен күресте қолданылатын әр дәрілік химикатты, техникалардың дайындығын жіті бақылады.

Мамандар биыл алқаптарды залалсыздандыруға химиялық дәрілерді ғана емес, қоршаған ортаны уламайтын биологиялық пестицидтерді де пайдаланамыз дейді. Залалсыздандырылатын жердің тең жартысы қарапайым көліктердің жүруіне қиындық тудыратындықтан улы дәрілерді шашу жұмыстарын биыл мынадай АН-2 ұшағы атқаратын болады.

Биыл шегірткелермен күресте осындай 5 ұшақ пайдаланылмақ. Штаб мүшелері техникалар жеткілікті деп сендіреді. Бұл шаруа бүгінде үш бірдей мердігер компанияның мойнына жүктеліп отыр.

Зиянкестер былтыр тоғыз ауданның аумағында анықталған болатын. Ад биыл облыста 276 мың гектар жерге шегірткеге қарсы дәрі себіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Шегіртке шоғырланған аумақтың 140 мың гектары, яғни, басым бөлігі — Сарыағаш ауданында.

Бақытжан Дүйсенбеков, Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары: «Өсімдік қорғау институтының өкілдері 300 гектар аумақты өз беттерінше залалсыздандырып отыр.»

Шегірткелер әр жеті күн сайын жас толтырып, небәрі 4-5 жас жасайды екен. Айналасы 10 күнде қанат пайда болып, аталығы мен аналығы шағылысып, 35-40 күнде тіршілігін жоятын көрінеді. Мамандар биыл зиянкестердің жер бетіне ерте шыққанын айтады. Алайда, күрес шаралары барынша күшейтіліп отырғанын тілге тиек еткен штаб мүшелері шаруалар былтырғыдай шығынға батпайды деп уәде береді. Әйтсе де алдын алу жұмыстарының қаншалықты сапалы жүргізілетініне уақыт сыншы. Айтқандай, енді шегірткелер шоғырын көзіңіз шалса, 1305 нөміріне қоңырау шалуды ұмытпаңыз.

Мақпал Рысбаева