Оңтүстікте жылына 200 тонна саңырауқұлақ өсіретін ферма бар

588

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданындағы «Agro Green» ЖШС өңірде алғаш рет саңырауқұлақты молынан өсіруді қолға алды. Биыл жұмысын бастаған серіктестік жылына 200 тонна өнім өндіруді жоспарлап отыр. Облыста саңырауқұлақ өсіруде ең алғашқы ір жоба болып табылатын ферманың жұмысымен журналистер облыс әкімінің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс-тур барысында танысты.

Саңырауқұлақтың А15 сұрпын өсіріп шығаратын ферма тұқымды Голландия елінен әкеледі. Фермада көлемі 280 шаршы метр болатын 12 камера бар. Мұнда егілген қозықұйрық үш айда дайын болады. Яғни, шаруалар жылына 4 рет өнім егіп ала алады.

Оңтүстікте жылына 200 тонна саңырауқұлақ өсіретін ферма бар

Қазір осы камераларда өскен саңырауқұлақтың келісін 800-1000 теңгеден өткізіп отыр. Алғашқы өнімін жинап отырған ферма бүгінге дейін 5 тонна өнім жинап, оны Қарағанды, Алматы, Шымкент қалаларының нарығына шығаруда. Саңырауқұлақтың адам ағзасына тигізер пайдасының мол екенін айтқан ферма басшылығы бұл кәсіптің түрін Польша еліндегі әріптестерінен үйренгенін айтады.

Қозықұйрықтар жеуге жарайтын басқа саңырақұлақтар сияқты құнды ақуыздарға, көмірсулар мен органикалық қышқылдарға бай. Сонымен қатар құрамында PP, E, D, B дәрумендері, жүрек-қан тамырлары жұмысына жайлы әсер ететін кальций, магний, мырыш бар.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі