Шымкент тұрғыны тауып алған 2 миллион теңгесін иесіне қайтарып берді

Шымкент тұрғыны тауып алған 2 миллион теңгесін иесіне қайтарып берді

Бірнеше күн ішінде ғаламтор жұлдызына айналған шымкенттік тұрғын «Қаһарман» атағына лайық. Жүздеген рет қаралып, сан пікірлер жазылып, танымал блогерлер өз парақшаларында бөліскен жазба кейіпкері, яғни пендешілікке салынбай, өзгенің мүлкін өзіне табыстаған жанды  ғаламторда көпшілік осылай атауға көшкен.

Өйткені 47 жастағы жұмысшы Қуаныш Нақыпбай көшенің қақ ортасында 2 млн теңге тауып алған. Жерде жатып, ешкім байқамай, тіпті көлік таптап өтіп кеткен қара сөмкеде ақша мен құжаттар болған.

Бір мезетте миллионер болып шыға келген Қуаныш аға оңайлықпен келген олжаны иемденуді ойламапты. Керісінше бірден иесін іздеп, қайтармақ болады. Содан төлем карточкасындағы нөмір арқылы иесін де табады.

Қуаныш Нақыпбай: «Мен ақшаны көре саласымен бірден иесіне қайтару керек деп ойладым. 10-20 мыңдық екі бума екен. Қасында ондаған төлем карточкасы бар. Иесі қиналып, іздеп жатқан шығар деген ой келді. Өйткені өзгенің байлығы мен дүниесі маған пайда әкелмейді. Тауып, иесіне қайтарып бердім».

Қарапайым жұмысшының тура жолдан таймай, жасаған азаматтық ісін алғаш болып әлеуметтік желіде жариялаған — басшысы Алтай Айнабек. Осылайша бірнеше күн ішінде ғаламтор жұлдызына айналған кейіпкеріміздің ісін азаматтыққа балап, қолын алып, алғыс білдірген жандар да бар.

Алтай Айнабек: «Осындай адал азаматтармен, ісі көпке үлгі болар жандармен жұмыс жасайтыныма қуандым. Оның ісін міндетті түрде өзгелер де біліп, ел тануы тиіс деп шештім».

Қарапайым азаматқа ең үлкен алғысты жұмыс жасайтын компанияның директоры жасады. Ісі көпке үлгі болып, кез келген жан жасай бермейтін адалдығы үшін ризашылығын білдіріп, тауып алған ақшаның 10 пайызындай көлемде сыйақы жасады. Осылайша «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» түсінігінен ада, адал адамдардың арамызда бар екендігі көңілге қуаныш ұялатып отыр.