Шымкентке аула клубтары қажет

720

Ертеректе қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерде аула клубтары жұмыс істейтін. Ондағы үйірмелер жыл он екі ай тоқтамайтын. Қазір аула клубтары некен-саяқ. Соны қайта жандандырса, кәмелетке толмаған балалар арасындағы қылмысты азайтуға себі тиер еді. Осы мәселені көтерген «Отырар-TV» телеарнасының басшылығы облыстық прокуратура, ішкі істер басқармасы, қалалық дене шынықтыру және спорт, білім беру бөлімдері мен қала дамуына бей-жай қарамай, қолдау көрсетуге әзір жомарт жандардың басын қосып, дөңгелек үстел өткізді.

180 мың оқушы
12 аула клубы

Сайрам шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің арасына орналасқан «Жастық» аула клубының балалары сәуірдің алғашқы аптасын ағаш егуге арнапты. Бұл шараға клубтың жас экологтары белсене атсалысты.Балалардың бірі қолына күрек, екіншісі шелек алып, ағаш көшетін тұрғын үйдің алдына қатарымен отырғызды. 5-сынып оқушысы Нұрайлым Мүтәлиева дәл үйінің іргесіндегі аула клубына 4 жастан мүше.

– Биылдан бастап ағылшын тілі үйірмесіне қатысудамын. Клубта достарым өте көп. Отырғызған ағаш көшетіне бәріміз бірге күтім жасаймыз. Сабақтан босаған сәтте осында келемін,-дейді Нұрайлым.

Шымкент қалалық Оқушылар сарайының аула клубтары бөлімінің меңгерушісі Айнаш Құдайбергенованың айтуынша «Жастық» аула клубына мүше болғысы келетін бала өте көп. «Күншығыс», «Нұрсәт», «Қайтпас», тіпті «Пахтакордан» келген балалар клубқа жазылады екен.
Кезінде Шымкентте 40-қа жуық аула клубы болса, қазір солардың тек 12-сі ғана қалды. 200 мыңдай оқушы үшін 12 аула жоқтың қасы!

2015 жылы жасөспірімдер арасында 293 қылмыстық іс тіркелсе, 2016 жылы бұл көрсеткіш 460-қа жеткен. Оның
273-і Шымкент қаласына тиесілі. Қылмыстық іске барғандардың 147-і мектеп оқушылары. Өткен жылы мектеп жасындағы 800-ге жуық қыздың жүкті болып қалған.

Бос уақыт аздырады…

Бүгінде кәмелетке толмаған өрендердің қылмыс жасауына ықпал етіп жатқан себеп жетерлік. Ата-анасының бақылауынсыз қалған бала, бос уақытын тиімді өткізетін орындардың жоқтығы, үйірмелер ақысының қымбаттығы және тағы басқа түйткілдер толып жатыр. Міне сондықтан да аула клубтарының жұмысын жандандыру — кәмелет жасына толмағандардың арасындағы түрлі мәселелерді шешудің бірден-бір тетігі болып отыр. Дөңгелек үстелге жиналғандардың айтқанынан осыны ұғындық.

Валентина КУЛИКОВА,
«Отырар-TV» телекомпаниясының директоры:

– Аға буын аула клубтары әрбір шағынауданның мәдени ошағы болғанын жақсы біледі. Клубтағы оқушылардың белсенділігі жоғары еді. Тынымсыз еңбек жүріп жатты. Сондықтан, ата-ана балаларының бос уақытында немен айналысатынынан хабары болды. Қазір қаланың аумағы кеңейіп, жаңа шағынаудандар бой көтерді. Онда аула клубтары тұрмақ, су мен жарығы да жоқ. Әр отбасында екі-үш бала бар. Әке-шешесі күнкөріс қамымен жүріп, «балаларым не ішіп-жеп жатыр, немен айналысуда, бұзақылыққа бармады ма екен» деген уайыммен жүреді. Сондықтан аула клубтарының санын көбейтіп, жұмысын жандандырып, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануға қоғам болып атсалысқанымыз қажет.

Закир ЮСУПОВ,
Әл Фараби аудандық прокуратурасының прокуроры:

– Көптеген қажетті үйірмелер – Оқушылар сарайында. Жеткіншектердің сол үйірмелерге баруына кедергі көп. Олардың қауіпсіздігіне ешкім жауап бере алмайды. Барар жолы да ұзақ. Ата-аналар сондықтан балаларын жібермейді. Оқушылардың жазғы демалысы жақындады. Спорт секциялары, ән-би үйірмелері, музыкалық мектептер, барлығы-барлығы демалыста жабылады. Сабақтан босап, күні бойына сенделетін баласына ата-ананың бас-көз болатын уақыты жоқ. Ақылы үйірмелерге қатыстыруға барлық ата-атаның жағдайы бірдей келе бермейді. Оқушылардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастыру үшін аула клубтарының санын көбейтуді қолға алуымыз қажет.

Әшірбек АДЕЕВ, Шымкент қалалық білім бөлімінің бас маманы:

– Шымкент қаласындағы он екі аула клубының алтауы Оқушылар сарайына, екеуі Балалар көркем сурет мектебіне, тағы екеуі №2 саз мектебіне қарайды. Осы жылы Жаңаталаптан екі, Азат шағынауданынан бір аула клубын ашу жоспарланған. Осы аула клубтарына 3500-ге жуық оқушы қатысады. Ғимараттардың жоқтығы аула клубтарының санын көбейтуге мүмкіндік бермей отыр.

Айнаш ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, Шымкент қалалық Оқушылар сарайының аула клубтары бөлімінің меңгерушісі:

– Бізге қарасты аула клубтарының тек екеуінің жеке ғимараты бар. Қалғандары мектеп жанынан ашылған. Оқушылар үшін клубтағы үйірмелердің пайдасы көп. Қазір ата-аналардың өтініші бойынша ағылшын тілі, гитарада ойнау үйірмелерін аштық. Шеттегі елдімекендерде тұратын ата-аналардан «бізде де аула клубтары ашылса екен» деген өтініштер көп түседі. Шынтуайтына келгенде, аула клубтарын сақтап қалған, жұмысына жан бітірген – ондағы педагогтар. Олар іс-шараларды қолынан келгенше қызықты өткізуде, балалардың қызығушылығын оятуда жанқиярлықпен жұмыс істеп келеді.

 

Бахтияр ТІЛЕУҚАБЫЛОВ, К. Тұрысбеков атындағы қайырымдылық қорының президенті:
– Біздің қор аула клубтарының жұмысына қолдау көрсетуге дайын. Алдымен олардың жұмысымен танысқымыз келеді. Спорттық ойындарды, танымдық-кітаптармен қамтамасыз ету және шығармашылыққа қажетті заттар, үстел теннисін өткізуге көмектесеміз

 

ТҮЙІН. Баланың бос уақытын дұрыс пайдалану – ата-ананың да биліктің де бас ауыртар мәселесі. Бұл мәселенің оң шешімі: кезінде сыннан өткен, тиімділігін көрсеткен – аула клубтарының жұмысын жандандыру. Биліктің де бұл іске бет бұратын уақыты келген секілді. Аула клубтарын ашуға қоғамдағы кез келген тұлға көмегін тигізе алады. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында бос тұрған ғимараттар аз емес. Тіпті зейнетке шыққан спортшы, қолөнерші ұстаз да білгенін үйретсе құба-құп. Ал Сіз не дейсіз!? Оқушылардың жазғы каникулы жақындадап келеді…

«Оқушылар сарайы» МКҚК-нің аула клубтары бөлімінің тел:

54-89-20

Қаладағы аула клубтарының тізімі:

1. «Бозторғай» аула клубы — Бозарық тұрғын үй алабы, Свобода көшесі №20 мекен –жайындағы №57 орта мектебінің «В» корпусы

2. Шұғыла» аула клубы  — Жиделі елді мекені, М.Маметова көшесі,4

3. «Арт Шайн» аула клубы — № 5 М.Мұса ЖОМ базасында

4. «Жастық» аула клубы — Сайрам ш/а 6 үй

5.«Алпамыс» аула клубы — Қабанбай батыр даңғ., 10

6.«Бәйшешек» аула клубы — Сухэ Батор көшесі, Фосфоршылар Мәдениет сарайы

7. «Денсаулық» аула клубы — Тұрлан елдімекені Голицын көшесі, №55 жалпы орта мектебі ескі ғимаратының спорт залы

8. «Өркен» аула клубы — «Құрсай» ш/а, Қ.Мәметов көш. №49 жалпы орта мектебі базасында

9. «Сенім» аула клубы — №4 ш/а, Байтулы баба көш.н/з, №78 жалпы орта мектебі базасында

10. «Бәйшешек» аула клубы — Тұрлан елдімекені, Галицина көш. 16а.

11. «Өнерлі қырандар» аула клубы  — Қатын көпір ш/а,Әль-Фараби №94. Әкімшіліктің ғимараты

12. «Жас қанат» аула клубы  — Жаңаталап елдімекені, Айдарқұлов №12. Әкімшіліктің ғимараты

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ