Шымкентте ерекше балалар үйірмеге тегін қатыса алады

79

Шымкентте ерекше балалар спортшылармен кездесті. Іс-шара «Жас жауынгер» ерекше балаларды спортқа бейімдеу орталығының ұйымдастыруымен өтті. Мақсат-бүлдіршіндерді жігерлендіріп, оларға қуаныш сыйлау.

Жалпы үшінші мегаполисте 1,5 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталықтың ерекшелігі неде? Мүмкіндігі шектеулі балаларды спорттық үйірмеге қатыстыру қаншалықты пайдалы?

Шымкентте ерекше балалар спортпен тегін шұғылдана алады. «Жас жауынгер» орталығының жаттықтырушылары 5-18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балалардың денесін шынықтырып, салауатты өмір салтына баулып келеді. Орталық директорының сөзінше, спорт бүлдіршіндерге ерекше мотивация беріп, ертерек аурудан айығуына септігін тигізеді.

Сұңғат Төлебай,  Шымкент қаласындағы «Жас жауынгер» ерекше балаларды спортқа бейімдеу орталығының директоры: «Бізде қазіргі таңда бокс, күрес, дзюдо түрі бар. Одан бөлек ерекше балалармен жаттығу үшін жаттықтырушылар арнайы оқудан өткен. Балаларға тегін медициналық көмектер көрсетіледі. Спортшы ағаларымыз келіп, спонсорлық етіп жатады».

Бүгін орталықта балалардың көңілін көтеріп, оларға жаңа серпін беру мақсатында спортшылармен кездесу өтті. Шараға арнайы бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып қатысып, болашақ спортшылармен тілдесті. Ол мұндай шаралардың пайдасы көп деп есептейді. Өйткені, салауатты өмір салтын ұстанған жасөспірімдердің бұлшықеті жақсы жұмыс істейтін болады.

Біржан Жақып, @лем чемпионы: «Мұндай балаларды емдеудің түрі көп қой. Бұл енді ерекше түрі деп ойлаймын. Біреу ынталандырмай, өзі алға ұмтылады. Жаттығу барысында намысқа тырысады. Бүкіл бұлшықеттері жұмыс істейді. Күресу үшін барын салады. Сол сияқты көп балалар ерініп жатады. Осындай балаларды спорт арқылы денесін игеріп, жазылуына көмектеседі».

Орталық ашылғалы үш немересін спортқа қатыстырып жүрген Оразгүл Жұмағұлова бүгін ерекше қуанышты. Өйткені, 5-6 жасқа дейін тілі шықпаған немерелері бүгін әжесіне арнап өлең шығарыпты. Бұл бейімдеу орталығының нәтижесі деген тұрғын барша атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

Оразкүл Жұмағұлова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Менің немерем 5-6 жасқа дейін сөйлеген жоқ. Одан кейінгі екеуінlе әкелдім. Мұнда жаттығып көптеген пайдасы тиді. Күндіз түні жүгіріп отырып, тілі шықты. Кешегіде 10 күнге Манкентке кетсем, маған арнап өлең жазыпты. Соны айтамыз деп келіп отыр. Билейміз дейді. Бүгінде мерекелік көңіл-күй. Қуанып келіп тұрмыз. Қуанышқа бөлеп отырған барлығына, үкіметке көңіл бөліп отырғандарына шексіз ризамыз».

Айта кетейік, бейімдеу орталығы «Қазақстан халқына» қорымен бірлесе жұмыс істейді. Ел бойынша орталықтың 5 қалада филиалы бар. Ал Шымкентте ашылғанына 1,5 жылдан асты. Бүгінде 70-тен аса ерекше баланы спортқа бейімдеп отыр.