Алдағы уақытта Шымкентте жекеменшік үй құрылысынан гөрі көпқабатты үйлерге басымдық жасалады. Дегенмен, осы тұста облыс орталығындағы тұрғын үйлердің қасбеті сын көтермейді. Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен ауқымды жиналыста сөз болды. Жиында шаһардың даму концепциясы мен өңірдегі тұрғын үй құрылысы барысы жайы талқыланды.
Оңтүстікте баспана кезегінде тұрған жандарды үймен қамту мақсатында тиісті бағдарламалар жүзеге асуда. Былтыр 242 үй салынып, 131 үй пайдалануға берілген. Баспананың басым бөлігі ұлттық компаниялар, мемлекеттік бюджет және инвесторлар арқылы салынуда. Бүгінде 169 үй салынып жатыр. Осындай қарқын сақталса, онда бес жылда 47 619 азамат баспанамен қамтылмақ дейді мамандар.
Тұрғын үй құрылысында бірегей концепция сақталмаса, ретсіздік етек жайып, облыс орталығы мен өзге қала-аудандардағы құрылыста бей-берекетсіздік жалғаса береді. Күнгейдегі құрылысты талқылау барысында облыс әкімі осылай деді. Және құрылыстың сапасы мен эстетикалық келбеті мен жобалық-сметалық құжатта тұрғындардың талабы ескерілмейтінін де қадап айтты.
Жансейіт Түймебаев, ОҚО әкімі: «Тұрғын үй құрылысына жеке инвесторлар тартуды қолға алып, көпқабатты баспаналардың қатарын көбейтуіміз қажет. Қам кесектен жер үй салуды тоқтатып, сейсмикалық талаптарға сай еткен абзал. Сәулет, құрылыс, мемлекеттік сәулет бақылау басқармалары бірлесіп, тұрғын үй құрылысын дамытудың жаңа кешенді бағдарламасын әзірлеуі тиіс. Бұл іске аудан, қала басшылары да атсалысуы керек. Егер дəл қазіргі қалпымен кете берсе, 117 мың гектарды алып жатқан Шымкент үлкен ауылға айналып кетеді. Қаланың сәулетті келбетін қалыпқа келтіру үшін бірлесіп жұмыс атқаруды тапсырамын.»
Шынында да жақында ғана бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлерде де кемшіліктер жетерлік. Бар қаржысын құйып, баспаналы болған тұрғындар қуанудың орнына қабырғадағы сызаттарды көріп мазасы қашқандарын айтады.
Баспана мәселесі тұрғындар үшін де, жергілікті билік үшін де өзекті мәселе. Сондықтан құрылыстың барысын, оның сапасын қадағалайтын мекемелерге үлкен жауапкершілік артылуда. Сала мамандары мердігерлер мен тапсырыс берушілерге де талап күшейтілуі қажет деп есептейді.
Айта кететін жайт, мәжілісте тұрғын үйлерді салар алдында оның жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге аса көңіл бөлу қажет деген ұсыныстар да айтылды. Ал өңір басшысы «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтеретін үйлердің қол жетімділігін, сапасы мен сәулетін қамту мақсатында жұмысшы тобын құру жөнінде тапсырма берді. Ал жекеменшік және көпқабатты үйлердің қасбеті үйлесімді әрі сәулетті болуын қадағалау міндеті қала, аудан әкімдеріне жүктелді.
Шымкент республикадағы үшінші мегаполис атағына ие болу үшін ең алдымен құрылысы мығым болуы керек екенін жергілікті билік өкілдері жақсы біледі. Бұл тұстағы өзекті мәселенің бірі — шаһар Қошқарата өзені жағалауындағы ескі үйлерден арылуы тиіс. Сондықтан облыс әкімдігінде өткен құрылыс жөніндегі жиынға қала әкімдігінің қызметкерлері Шымкенттегі Көксай 1 және 2 елдімекендерінің даму концепциясын ала келіпті. Айта кетейік, бүгінде қалада баспана кезегінде 30 мыңдай азамат тұр. Мемлекеттік бағдарламалар кезеңімен жүзеге асса, онда бес-алты жылда кезектегілер баспанамен қамтылады дейді жауаптылар.