Шымкенттегі каналдарды тазалау жұмыс басталды. Барлығы 19 канал тазартылады. Қазір бұл жұмыстарды «ЛТД Тұрмыс» мекемесінің 65 жұмысшысы атқаруда. Бір айта кетерлігі, жұмысшылары бұл каналдардың басым бөлігін қолмен тазартуға мәжбүр. Себебі, өзен жағалауларына техника кіре алмайды.
Аяғына резіңке етік киген Бақытжан Сапаров өзен жағалап, қордаланған қоқысты су арнасы арқылы ағызуға әрекеттеніп жүр. Айтуынша, мұнда ешқандай техника кіре алмайды. Сол себептен сумен аққан қоқыс каналдың соңына барып тіреледі. Ал сол жерден техникаға алуға мүмкіндік бар. Жұмысшы киелі өзенді осыншалықты ластаған жерлестеріне өкпелі.
Бақытжан Сапаров: «Қошқар ата — киелі өзен. Оның суы мөлдір, таза болуы тиіс. Тіпті, мұнда балық та бар, ал қала тұрғындары сол суды ластап жатыр.»
Жалпы Шымкент қаласының ортасынан ағып өтетін 4 канал бар. Қошқар ата мен Қарасуда үнемі су болса, Шымкент пен Жаңашек каналдарынан жауын суы ағады. «ЛТД Тұрмыс» мекемесінің 65 жұмысшысы осы каналдарды қоқыстан тазартуға бағытталыпты.
Сала мамандарының айтуынша, жалпы ұзындығы 175 шақырым болатын каналдарды жыл бойы таза ұстау — басты міндет. Әсіресе, көктем мен күз айында су деңгейі көтерілмес үшін тазалыққа баса мән беріледі.
Нұрлан Жаңабай