Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Шатқал» бағдарламасы аясында салынатын қала аумағындағы 16 шатқалға жауапты мекемелерді бекітіп, басшыларына алғыс хат пен сертификаттар табыс етті. Жауапты мекемелердің қатарында «Нұр Отан» партиясының Оңтүстіктегі филалы, облыстық және қалалық мәслихат хатшылығы мен депутаттары, сондай-ақ, өңіріміздегі жоғарғы оқу орындары бар.
Жауапкершілікке алынған шатқалдардың жалпы аумағы 226 гектарды құрайды. Көгалдандыру ісінің бірінші кезеңінде ағаш егіліп, тамшылатып суару әдісі орнатылуы тиіс. Абаттандыру жұмыстарының екінші кезеңінде жауапты мекемелер шатқалдарға жол салып, жарықтандыру ісімен айналысуы керек. Дамыту жұмыстарының үшінші кезеңінде демалыс орындары мен балалар ойын алаңдарын салу жоспарланып отыр.
— Ертең алдымызда шіліңгір шілде, жаздың аптап ыстығы келе жатыр. Әсіресе жаз мезгілінде облыс орталығындағы экологиялық ахуал тіпті қиындай түседі. Адам басына шаққандағы демалыс аумағы бүгінде небәрі 3 шаршы метрді құрап отыр. Сондықтан «Шатқал» бағдарламасын тездетіп іске асыруымыз қажет. Көктемнің керемет шағын пайдаланып, ағаш отырғызу ісін тездетуіміз керек. Сондықтан осындай игі бастамаға қолдау білдіріп, жауапкершілік алып отырған азаматтар мен мекеме басшыларына алғысымды білдіремін, — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында жалпы аумағы 300 гектарды құрайтын 8 саябақ бар. Сонымен қатар, 104 көшеде ағаш отырғызылған. Алдағы уақытта «Шатқал» бағдарламасы аясында 47 шатқал іске асқанда жалпы орманды алқап көлемі 16 мың гектарға жетеді деп жоспарлануда. Облыс орталығының әр тұрғынына кемінде шамамен 16 шаршы метрлік жасыл желек қажет. Бұл қажеттілікке аталған бағдарлама толық іске асқанда қол жеткізілмек.
Айта кетейік, абаттануы тиіс шатқалдардың көлемі жағынан үлкені — Самал шатқалы. Оның жалпы аумағы — 38 гектар. Шымсая мен Юнус Эмре шатқалдарының аумағы 25 гектардан, ал қалғандары 8-10 гектардың көлемінде. Мәселен, «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлімжан Құртаевқа — 8 гектар, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиевке — 8 гектар, облыстық мәслихат депутаттарына 17 гектар, кәсіпкер Рәшкүл Оспаналиеваға — 10 гектар, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Оңалбай Аяшевқа — 10 гектар, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымына — 10 гектар, Қ.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің ректоры Уәлихан Сейдуллаұлына 10 гектарлық шатқалдардың картасы мен сертификаты беріліп отыр.
Облыс әкімі алдағы уақытта ел игілігіне тапсырылатын шатқалдарға шығыс әдебиетінің көрнекті өкілдерінің, яғни ақын, ғұлама, ойшылдарының есімдері берілетінін айтты. Шатқалдарға ұлы ойшылдардың өсиет, нақыл сөздері тасқа қашалып жазылып, өскелең ұрпақты рухани тәрбиелеу көзделуде.
Өңір басшысының бастамасын қолдағандардың бірі облыстық мәслихат депутаты Рәшкүл Оспанәлиева «Шатқал» бағдарламасының тиімділігі мен ұтымды тұстарына тоқталды. Жауапкершілік алып отырған әріптестерін игілікті іске бір кісідей атсалысуға үндеді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі