44 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыруға 1 млрд. теңгеден астам қаржы қаралған

Биыл Еңбекші ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 44 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылады. Ал жеке секторда 12 кешенді балалар ойын және спорт алаңшалары орнатылады.

Сондай-ақ, 8 ашық спорт алаңшасын орнату, 5 гүлзар салу, 200 көшені жарықтандыру жоспарланып отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғындардың келісімімен, 28 көпқабатты үйге қасбеттерін реттеу, әрлеу және 7 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіледі. Қазір мердігер мекемелерді анықтау мақсатында конкурс жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, аудан аумағын абаттандыру жұмысына 1 млрдтан астам қаржы қаралған.

«Бұл жұмыстарға бюджеттен 1 млрд. 300 млн-ға жуық қаржы қаралып отыр. Одан бөлек салауатты өмір салтын қалыптастыру бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудан аумағындағы 8 елдімекенде ашық спорт алаңшаларын құру жоспарда бар. Бұл жұмыстарға 340 млн қаржы көзделіп отыр», – Еңбекші ауданы әкімі аппаратының инфрақұрылым бөлімі басшысы Еркебұлан Қаратүнов.

Сонымен қатар, ауданда жауын шашын кезінде су алу қаупінің алдын алу мақсатында 8 көшеде 9 шақырым ирригациялық арық салуға 122 млн. теңге қаржы бағытталып отыр. Одан бөлек қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 200 көшені жарықтандыру жоспарланған.

Қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы орта қалыптастыру мақсатында қала ішінде 5, шалғай орналасқан елдімекендерде 3 гүлзар салынады. Бұл жұмыстарға бюджеттен 562 млн.тг қаралып отыр.