Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы қорының өкілдері Оңтүстікке келді. Қор өкілдері өңір басшысымен кездесті, бұдан кейін қор тарапынан тағайындалған жүлделер бойынша үздіктер марапатталды. Облыстық әкімдіктен бастау алған жиын ары қарай Елбасы қоры өкілдерінің өңірлік жастардың кездесуімен жалғасты.
Кентау қаласының Абай атындағы №5 орта мектебі өз зертханасын жаңартты. Қазақстанның тұңғыш президенті — Елбасы қорының өкілдері арнайы облыс әкімімен кездесіп, заманауи зертхананы дамыту мақсатында мектеп мамандарына сертификат табыс етті. Бұл — 19 зертханалық жабдық сатып алу үшін берілген 3 миллион теңге. Сондай-ақ өңір басшысы қор өкілдерімен жас ғалымдарға арналған бағдарламаларын да талқылады.
Махмут Томанов, Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы қорының жас ғалымдар кеңесінің төрағасы: «Біздің Оңтүстік Қазақстан облысына келгеніміздің басты себебі — студенттер біздің гранттарға өтініш береді. Осыған орай қазір жаңадан старт-ап деген тренд бар. Сол стартаптарға қалай қатысу, қандай көмек бар, соларды түсіндіреміз. Мұнда жобаны, бизнес-жоспарды қалай жасау, заң аясында жаңа компания қалай ашу керегімен таныстырамыз.»
Тұңғыш Президент қорының өкілдері бұл жолы күнгейдегі дарынды жастарға қолдау көрсету үшін жоғары оқу орындарының студенттерімен арнайы кездесті. Қорда жас ғалымдары мен студенттеріне арналған 9 гранттық бағдарлама, атаулы стипендиялар қарастырылған. Олардың ішінен Оңтүстіктің жастарынан құрылыс және фармацевтикалық индустриядан жобалар көп түседі екен. Мысалы, жас ғалым Асылбек Бұрбаев ғылыми зерттеулері үшін Елбасы қорының грант иегері атанып, 800 мың теңге ұтып алды.
Асылбек Бұрбаев, жас ғалым: «Менің жобам туберкулезды диагностикалауға қатысты. Дертті анықтауға арналған праймерлерді синтездеп алғанға осы жобаны ұсынғанмын. Осы жобаның көмегімен өзімнің көздеген масатыма жетуге тырысып, зерттемелерімді жалғастырудамын. Қазір туберкулоз ауруы дүниежүзінде өте өзекті мәселе болып тұр. Біз сол бағытта зерттеулер жүргізіп жатырмыз.»
Асылбек Бұрбаевтың осы жобасы бойынша жұмыс жасайтын арнайы зертханасы бар. Ұтып алған қаржысына реактивтер сатып алып, солардың көмегімен зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. Жас ғалымның жобасы жүзеге асып жатса, тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге ықпалып тигізуі мүмкін. Асылбектің айтуынша қазіргі таңда туберкулезды анықтайтын анализдің құны 25 мың теңге болса, бұл жоба жүзеге асса халық 3-4 мың теңгеге талдау жасата алады. Бұл — тек бір ғана мүмкіндік. Алда жас ғалымның көптеген жоспарлары бар.
Жанерке Хұмар