Созақ аудандық орталық кітапхана өңірдегі ең бай кітапханалардан саналды. 385 мыңнан астам қоры бар мекемеде 1950 жылдан бастап жарық көрген дүниелер сақтаулы тұр.
Тілшілер тобы сапар кезінде «Біз созақтықтармыз» деп аталатын өлке қаламгерлерінің кездесуіне тап болды. Кітапхана оқырмандарының атсалысуымен өтіп жатқан бұл шараның тағылымы зор дейді мұндағылар. Көркем сөзге жаны құмар қыз-жігіттер әдебиет әлемінен сусындап, әуезді әнді де нақышына келтіре орындады.
Белсенді оқырмандардың бірі Серік Шәріпбек бос уақытын осында өткізеді. 10 сынып оқушысы мұнда сабаққа дайындалып, көркем әдеби дүниелерден тағлым алады.
Серік Шәріпбек, оқырман: «Аптасына екі-үш рет келемін. Жастар кітап оқымайды дегенмен келіспеймін. Осында қыз-жігіттер көп келеді. 60-70 пайыз кітап оқиды.»
385 мыңнан аса кітап қоры бар аудандық орталық кітапхана жыл сайын 6 мыңға жуық түрлі тақырыптағы дүниелермен толығып отырады. 9 мыңға жуық құнды кітап пен 300-ге тарта әлем әдебиеті сақтаулы тұрған ктіапханадан 70-ке жуық мерзімді басылым түрін алып оқуға болады. 1985 жылдан бастап сақталған тігінділер де оқырмандар қажетіне жарап тұр. Заманауи талапқа сай қызмет көрсету аясын жетілдіріп отырған қызметкерлер бүгінде электронды нұсқаны да тиімді пайдаланады.
Сәуле Бораншиева, Созақ аудандық орталықтандырылған кітапхананың бөлім басшысы: «Биыл үш жүзден астам оқырман жазылып отыр. Жыл сайын оқырмандар саны көбейіп келеді. Іздеу аясы кеңейіп келеді. Қазір оқырмандар керегін өздері іздестіре алады.»
Кітапханашылар сөзіне сенсек, бүгінде оқырмандардың жас қаламгерлер туындыларына сұранысы зор. Ал қазақ балалар әдебиетінің кенже қалуынан жас оқырмандар шетелдік дүниелерге әуестеніп келеді дейді мұндағы мамандар.
Мақпал Рысбаева