Жетістік жетерлік. Мәселе де жоқ емес…

544

Күнгейде ауылшаруашылық кооперативтерін құрудың тиімділігін түсіндіру бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл тақырыптың көптің көзінде, қала берді сөзінде екені белгілі. Түсіндіру жұмыстарының бір легі Шардара ауданында баталды.

Балық өңдеумен айналысатын «Хамит» өндірістік кооперативінде өткен семинар-кеңеске өңіріміздегі барлық аудан-қалаларынан сала мамандары мен шаруалар қатысты. Келелі кеңеске жиналғандар алдымен балық өңдеу зауытының жұмысымен таныс-ты. Заманауи үлгіде жарақтандырылған зауытта балықтың сүбе еті және ысталған балық өндіріледі. Өндіріс орнында өткен жылы 1132 тонна балық өңделіп, 1180 мың теңгенің өнімі өндірілген. Тауардың 85-90 пайызы Ресей, Германия, Израиль елдеріне экспортталып жатыр. Әр ауысымда 60 адамнан жұмыс істейді. Айлық жалақылары 70 мың теңгенің үстінде.

Балық шаруашылығындағы түйткіл

Бақытжан Қыпшақбайұлы, «Хамит» өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы: 

– Ауыл шаруашылық саласында кооперативтерге біріктіру дұрыс. Бірігу үшін 15 адам жиылып, соның арқасында СПК құрылды. 111 млн несие алғанбыз. Бүгінде толықтай құтылдық. Тиімділігі өте жоғары. Басында кепілге қоятын дүниеміз болған жоқ. Бағдарлама бойынша несие алдық. Заманауи технологиямен зауыт салдық. Бүгінде, шүкір, шаруамызды дөңгелетіп отырмыз.

Семинар барысында мамандар кооперативке бірігу жайында, субсидия, несиелендіру туралы кеңінен түсіндірді. Шаруалар көкейде жүрген сан сауалын жаудырды. Басым бөлігі несиеге қол жеткізе алмай жүргендерін айтты. Микроқаржы ұйымының мамандары несие беру кезінде несие тарихына, қайтарымына да көп мән берілетінін алға тартты. Табыс көзі жоқ жандар ертеңгі күні несие алып жұмысын жүргізіп кетсе жақсы, ал жүргізе алмаса оның қайтарымы қалай болмақ?! Алдымен осыны шешіп алған жөн. Биылдан бастап балық шаруашылығына да мемлекет тарапынан субсидия берілмек. Бұл балық баптаушыларға жағымды жаңалық болып отыр.
Өндірістік кооперативтің жетістіктерінен бөлек тірліктерін түзеуіне тұсау болып отырған мәселелер де жоқ емес екен. Балық зауытына қажетті шикізат Шардара теңізінен ауланады. Бүгінде мұнда 4 табиғат пайдаланушы мекеме балық аулап, зауытқа өткізеді. Кәсіпорын жылына 6 мың тонна балық өңдейді. Оның 35-40 пайызы Шардарадан алынса, қалғанын шеттен тасиды. Балық аз. Балық басын көбейту үшін яғни, балық аквамәдениетін дамыту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Аталмыш жұмыс 2015 жылы басталған. Әу баста жабайы балықтарды өсіріп көрген екен, алайда нәтиже болмаған. Сондықтан да жоғары сұрыпты балық өсіруді қолға алыпты. Оны Челябинск, Оренбургтегі балық тәлімбақтарынан алдыруда. Балаңқұрт кезінен, 2 граммнан сәл-ақ асатын кішкентай балықтар инкубация цехында өсіріледі. Әрине алыстан әкелінген балықтың бағасы айға ақырып тұрары анық. Ал жергілікті өнімнің бағасы қалта қақпайды, экологиялық жағынан таза әрі сапалы. Алдағы уақытта дәмі тіл үйірерлік дәмді балықтар нарыққа шығарылмақ.

Балық өсіруден бөлек, оны аулаудың да өзіндік қиындықтары бар. Өндірістік жолмен ұстағанда ұрылмайды, бұзылмайды, соғылмайды, сапасы жоғары болады,-дейді зауыттағылар.
Бұрындары балық атаулыны тормен аулайтын. Сол торлардың 90 пайызы қытайдан әкелінген. Мамандардың сөзінше, сапасыз қытайлық торларды құртса балық көбейер еді. Шардара теңізінде балықты тормен ұстауға тыйым салынған бүгінде. Алайда амалын тапқандар тыйымға қарап жатқан жоқ көрінеді. Одан бөлек тағы бір мәселе Арнасай су реттегішінде балық тоғандары жоқ. Су кодексі бойынша су нысанында балық қорғау белдеуі болуы тиіс. Алайда бұл мәселе мүлдем назардан тыс қалған.

«Мемлекеттен көмек болмаса өзіміздің шамамыз жетпейді» деген балық зауытының басшылары браконьерлердің ісі де ушығып тұрғанын айтады. Электрлі қармақпен аулайтындар көп. Бүгінде балық браконьерлеріне қарсы қызмет ететін 25 қана егерь бар екен. Олар жан-жақтан анталаған ашкөздерге тұсау сала алмай отыр. Олардың өкілеттігін күшейту де бүгінгі күннің басты мәселесі болып тұр.

Сапалы тұқымнан сапалы өнім

Бұдан кейінгі семинар Мақтарал ауданында жалғасты. Алдымен аудандағы үздік шаруашылықтың жұмысымен таныстық.Қарқынды бау шаруашылығымен айналысатын «Аботя» шаруа қожалығында мақта, жүзім, қауын қарбыз өсіріледі. «Шаруалар өнімді қайда өткіземін» деп шаршамайды. Егіс басында пышақ үстінен үлестіріп әкетеді. Көктемнің әр күнін жылға азық санайтын шаруалар қызу еңбек үстінде. Күннің көзі жылт ете салысымен кетпенін күнге сүйдіріп, қолын жауыр етіп еңбек майданына кірісіп кеткен. Қыс бойы топырақ астында көмулі жатқан жүзімдікті аршып алып, түбін қопсыту жұмыстарын жүргізуде. Одан кейін мақта шаруасы, ал сосын қауын қарбыздың кезегі келеді. Осылайша жаз бойы тыным таппайтын шаруа өз тәжірибесін өзгелермен де бөлісуге асық. Бүгінде қарқынды бау шаруашылығының көлемі 20 гектарға жеткен. Мұнда өнім тамшылатып суару әдісі бойынша өсіріледі. Шаруашылық өткен жылы 180 тоннаға жуық өнім алған.

Ербол Ералиев,
«Аботя» шаруа қожалығының төрағасы:
– Кооперацияға бірігу – ол шаруалардың көп нәрсеге қол жеткізуі, қолы ұзаруы. Мемлекеттен берілетін жәрдемді орнымен дұрыс пайдалана білуі қажет. Басым бөлігі субсидияны дұрыс пайымдамайды. Тойға, туған күнге жарататын ақша емес. Бұл қаржы ауыл шаруашылығын одан әрі ұдайы дамыту үшін берілетін жәрдем. Сондықтан да кооперативті дұрыс құру қажет. Сонда көп те риза, тірлік те түзу болмақ.

Сондай-ақ аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі «Нұр-Кетебай» өндірістік кооперативі 1125 гектар жерден өнім алып шаруасын шалқытып отыр. Мақта өсірумен ғана шектеліп қалмай, ауылшаруашылық зиянкестеріне қарсы күресетін биолабораториясы, тұқымдық мақта шитін тазалайтын, іріктейтін, дәрілейтін тұқым цехы бар. Әрдайым жаңа технологиялардан да қалыс қалмай өнім өндіруде жаңа әдістерді енгізуде. Кооператив «Максимумнан» аймақтық инвестициялық орталығынан жылына 16 млн теңге, «Аграрлы несие корпорациясынан» 15 млн теңге несие алады. Күздік жиын терімге дейін жұмыс істеп, түрлі техника сатып алуда. Техникалық паркін ұдайы жаңартып отырады. Бағасы қымбат «Ламборджини » тракторы да, жер қопсытатын, қысқасы ауыл шаруашылығына қажетті техниканың барлығы да бар. Кооператив мүшелерінің қарапайым жұмысшысынан бастап тракторшыларына дейін жалақылары жоғары. Одан бөлек өнімнен түскен пайдадан тағы да өз үлестерін алады.

Ауыл шаруашылығы саласы жаңа технологияларды, жаңалықтарды ендіруден қалыс қалмақ емес. Түркиядан әкелінген мақтаның тұқымын егіп, мол өнім беретініне көз жеткізіпті. Аталған шаруашылық былтыр 100 гектар жерге мақта өсіріп, гектарынан 35-40 центнерден өнім алған. Бірақ тұқым бағасы қымбат болып тұрғанға ұқсайды. Дегенмен алдағы уақытта толықтай түркиялық тұқымдыққа өту мүмкіндігі жоғары екендігін айтып отыр.

Гүлжан ЖҰМАШ