«Нұрлы жол». Өңірімізде осындай тақырыпта күйші, белгілі композитор Нұрсәт Бейсеқожаевтың жеке авторлық кеші өтті. Шығармашылық кешіне күй-қоржынын сүйемелдеу үшін Алматыдағы «қара шаңырақ» – Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік ұлт-аспаптар оркестрі арнайы шақырылған. Сахна төрінде сиқыр-сазымен жүйітки жөнелген «Еңселі елім» күйі келген көпшіліктің де есіне талай дүниені еріксіз түсірді. Шығармада сүрлеуі соқпақ жылдар мен елдің бүгінгі бағындырған белес-бейнесі баяндалды.

Бүгінде аты аңызға айналған «қара шаңырақ» – Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік ұлт-аспаптар оркестрі автордың «Өтеген батыр», «Жігер», «Нұрғали» секілді ондаған күйін орындады. Асылбек Ахатов, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік ұлт-аспаптар оркестрінің домбырашысы: «Аңырақай» күйін шерткен кезде көз алдымызға сайын дала мен аттың дүбірі, сол бір кездегі уақиға елестейді. Бұл да болса автордың айтулы жетістігі деп білемін.  Үлкен дайындық пен ерекше образды қажетсінеді. Тарихты бүгінгі дәуірмен ұштастырып, қайталанғысыз күйлер жазғаны үшін Нұрсәт Саттарұлына айтар алғысымыз шексіз!»

Бүгінге дейін бір емес, жүзге тарта еңбектің авторы атанған Нұрсат Бейсеқожаев тұщымды туындыны жазудағы шеберлігін жайып салды. Автордың айтуынша, күрделі ноталардың күй сазымен үйлесуі үшін музыкалық сауаттың да орны ерек.

Нұрсәт Бейсеқожаев

Нұрсәт Бейсеқожаев, күйші: «Расында, күй жазу деген – жәй отырып, шығарма жазумен тең емес. Ол ойтүрткі оқиғаны немесе шаббыттың келуін күтеді. Бірақ қолыма домбыраны алғанда ерекше сарындағы саз ойнайтынын да атап өтейін. Алланың берген дарыны шығар, әйтеуір шығармаларымның ноталарынан күйдің шексіздік шарықтауын көремін».

Күйдің құдыреті мен тылсым сырын ұғу үшін кешке келген көпшліктің де қарасы қалың. Бастысы, тыңдарман қауым халықтың төл дәстүрін дәріптеп, күй өнерінің қадіріне жететін өнер иесін көріп, марқайды.