Күйшілердің Оңтүстік аймақтық І сайысы басталды

683
Күйшілердің Оңтүстік аймақтық І сайысы басталды

Күнгейде күйшілердің Оңтүстік аймақтық І сайысы басталды. Байқау өңіріміздің ең үздік сазгері әрі күйші Батырхан Рыспанбетовтың 60 жылдық мерейтойына арналған. Өнер иесі ұзақ жылдар бойғы еңбегінің нәтижесін күй байқауын ұйымдастыру арқылы көрсетпек ниетте.

Байқауда тек Оңтүстік өңірінің өнерпаздары ғана емес, сонымен қатар, Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстарынан келген 17 күйші бақ сынады. Қатысушылардың барлығы – саз колледждерінің студенттері. Жас күйшілер болғанымен, бұған дейін түрлі байқауларға қатысып, жеңістің төрінен көрініп жүргендер.

Сайысқа бекітілген 8 күйдің төртеуінің авторы – Батырхан Рыспанбетов. Бүгінде 15-ке жуық күйдің авторы өзінің 60 жастық мерейтойында дәстүрлі өнерді насихаттауды жөн көріпті. Биыл алғаш рет ұйымдастырылған бұл байқауды күйші енді жылда өткізіп тұруды көздеп отыр.

Күйшілердің Оңтүстік аймақтық І сайысы басталды

Жас өнерпаздардың өнерін тәжірибелі күйшілерден құралған қазылар алқасы анықтайды. Олардың барлығы республикамыздың түкпір-түкпірінен арнайы шақырылып отыр. Солардың бірі – елге еңбегі сіңген Бөрі Иса. Сахна төріне шығып, мерейтой иесін қуанышты күнімен құттықтаған күйші ізін басқан інісіне деген ыстық ықыласын өлеңмен жаудырды.

Өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылған байқауға қатысушылар ерекше дайындықпен келген. Өнерпаздар құдыреті күшті күйді сезіне отырып тартты. Шертпе күйді де, төкпе күйді де он саусақпен ағылтқан жас күйшілер көрермендерді сүйсіндірді. Тіпті қос домбырамен өнер көрсеткен жігіттерге халық ерекше ықыласын көрсетті. Айта кетейік, байқаудың жеңімпаздары сенбі, 18 қараша күні анықталады.

Жанерке Хұмар