Өңірімізде ХІІІ Ұлттық жастар Дельфийлік ойындарының облыстық байқауы басталды. Классикадан бастап, қазіргі заманға дейінгі өнердің бірқатар түрін қамтитын жарыс бұл жолы фортепиано, прима-қобыз, бейнелеу және ұлттық қолөнер шығармашылығы сынды 15 номинация бойынша өтіп жатыр. Ал өнер бәсекесіне облысымыздың 15 ауданынан 200-ге жуық жас талант жолдама алған.
Үміткерлердің бір бөлігі қаламыздағы «Жастар орталығы» ғимаратында, ал қалғаны Оңтүстік Қазақстан саз колледжінің үлкен залында бақ сынауда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, айтулы сайыс мәдени мұраны молайту, жастардың өнерге деген құштарлығын арттыру мақсатынада қолға алынған. Сондай-ақ, биылғы Дельфийлік ойындардың бағдарламасына бірқатар өзгерістер де енгізіліпті. Мәселен, ХІІІ ұлттық жастар ойынында қатысушылар алғаш рет «ым-ишара» тілінде ән айту номинациясы бойынша да өнер көрсете алады. Ал қазір өнерпаздардың қабілет -дарынын ҚР Мәдениет қайраткері Айжігіт Асанов бастаған қазылар алқасы бағалауға кіріскен.
Береке Дүйсебеков, облыстық «Жастар орталығы» КММ директоры: «Фестивальге 300-ге жуық адам қатысуға ниет білдірген. Ақтық сынға келгенде, 100-і сүрінді. Жас өнерпаздар қазіргі уақытта бір емес, ондаған аталым бойынша дарын-қабілеттерін сарапқа салып жатыр. Жеңімпаздар міндетті түрде республикалық деңгейдегі сайысқа жолдама алады. Жыл сайын біздің жерлестеріміз ел аумағында өрбитін осы жарыстан құр қайтқан емес, өткен жылы республикалық байқауда намысты қолдан бермей, 4 алтын, 1 қола жүлдеге ие болған. Биыл да өзімізге мақсат қойып отырмыз, кемінде 10 жүлдені қанжығамызға байлап келеміз деп!»
Әлия Әділбек