«Жұлдызға жол» жас өнерпаздарға жол ашуда

576
Шымкентте "Жұлдызға жол" атты концерт өтті

Шымкентте республикалық-халықаралық байқаулардың жеңімпаздары концерт берді. «Жұлдызға жол» деп аталған мәдени шара өңіріміздегі С.Сейфуллин атындағы халықтар достығы үйінің сахнасында өрбіді. Осылайша талай додаға дүлдүлдерді дайындап жүрген шебер ұстаз Роза Әміреқызы ұйымдастырған кеш көптің көңілінен шықты.

"Жұлдызға жол" атты кешке келушілердің қарасы қалың болды
«Жұлдызға жол» атты кешке келушілердің қарасы қалың болды

Өнерпаздардың қиын орындалатын түрлі би қимылдары баурап алды көрерменді. Бізді ғана емес, шетелдіктерді де үлкен сахнада таң қалдырған осылай. Ұлттық болмыстың иісі аңқып, талай дүркін байқауларда талайды мойындатқан-ақ. Концерттік шара аясында бимен қатар, әсем ән де орындалды. Тек оларды әдеттегідей әншілер емес, халықаралық додалардың жеңімпаздары жанды дауыста шарықтай шырқады.

«Ерке» тобы: «Біз осы кеште ән орындағанымызға өте қуаныштымыз. Бізбен бірге көптеген жас таланттар қосыла ән шырқады. Бәрінен бұрын біз әнді жанды дауыста орындадық. Осы орайда Роза Әміреқызына алғысымызды білдіргіміз келеді».

Мақсат Сатыбалды, көрермен: «Ия, тамаша! Анаммен бірге келіп едім, қария адам ғой балаша қуанып отыр. «Осындай өнерлі балалар барда, қазақтың өнері өлмейді» деп қуанып айтып отыр маған. Ұйымдастыру жағы да керемет! Кішкентай өнер иелері де киелі сахнаға төселіп кетіпті, қобалжу дегенді білмейді. Халық әндерін де нақышына келтіре айтып жатыр. Бишілер  мың бұралып, біз көрмеген би қимылдарын ұсынды. Ұйымдастырушыларға мың алғыс!».

Концертке келген көпшілік тапжылмай тамашалады. Олардың өнеріне тәнті болып отырғаны байқалады. Әсіресе бүлдіршіндердің де өнерге деген ынтызарлығына дән риза. Ал 30 жылдан астам өмірін сахнаға арнаған өнер майталманы Роза Әміреқызы «Жұлдызға жол» шарасы талайлардың қиялына қанат бітіруде дейді.

Роза Әміреқызы
Роза Әміреқызы өз шәкірттерінің өнеріне дән риза

Роза Әміреқызы, хор маманы: «Бұл концерттің ерекшелігі де сол – республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары ән айтуда. Келешекте олардың өнерге деген үлкен жолын дамыту үшін, одан кейін мынау Отанға деген, жерге деген сүйіспеншілікті арттыру үшін патриоттық әндер орындалуда. «Халық әні – қазынам» деген халық әндерінің негізінде ұйымдастырып отырмын. Бір жағынан ата-аналардың да көмегімен болып отырған айрықша кеш. Сонымен қоса 20-мамыр күні республикалық деңгейде өткен «Самға жұлдыз» атты гала-концертке қатысқан өнерпаздар және менің өзімнің тәрбиелеген үлкен шәкірттерім де бүгінгі сахнадан көрініп, халыққа рухани демалыс сыйлап жатыр».

Таланттардың талабына қолдау-демеу сыйлайтын мәдени шара жыл сайын дәстүрге айналады деп отыр ұйымдастырушылар. Тек өнерпаздар қатары қалыңдайды деп күтілуде.