Оңтүстікте діни сауаттылыққа қатысты өңіраралық семинар басталды

Шымкентте діни сауатқа қатысты өңіраралық семинар басталды. Оны Қазақстандағы дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұйымдастырған. Қасиетті дініміздің атын жамылған ағымдарды ауыздықтау үшін күрес жүргізілмей жатқан жоқ дейді жиналғандар. Дегенмен, кереғар ұйымдарға қарсы майдан ашқанмен, бұл – бір күнде ауыздықтала салатын мәселе емес. Әсіресе ақпарат тасқыны мол кезеңде тойтарыс беру оңай болмай тұр. Осыған орай семинар ұйымдастырушылар бір күндік іс-шарамен шектелмей, аудан-ауылдарды да аралаймыз дейді.

Құндылықтары өзгерген құбылмалы уақытта жан-жақтан анталаған жат ағымдар қоғамға қауіп төндіріп тұр. Ақпараттық технологиялардың заманында діннің атын жамылыпылаң салатындардың торына түсу әп-сәтте. Олай деуімізге де негіз жоқ емес. Қалың бұқара дін жағынан сауатсыз, иманы әлсіз. Әрі әділетсіздік пен жемқорлық жайлаған қоғам мүшелері «торға» тез түскіш келеді… Бүгінгі семинар бір күндік емес. Қаладағы медресе-колледждерден бастап, денсаулық сақтау, білім, қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылып, үгіт-насихат жүргізілмек. Дін істері комитетінің төрағасы Б… Құлекеев, Қазақстан Президенті аппараты ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалым Шойкин бастаған топ аудан, ауылдарды да аралайды.

Батырбек Жалмұрзаев, ОҚО дін істері басқармасының басшысы: «Халықтың арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әсіресе жастар арасында. Бүгінде жастар арасында қоғамымызға теріс ағымдардың кері әсері болмай жатқан жоқ. Соның алдын алуда жастарымызға дұрыс бағыт беру керек. Бүгінгі семинардың орны бөлек. 8 облыстан келген өкілдер өз тәжірибелерін ортаға салып, нәтижеге жету жолдарын талқылауда.»

Еліміздің 8 өңірінен келген өкілдер өз ойларын ортаға салды. Пікір алмасты. Бүгінгі діни ахуалды талқы таразысына салды. Тығырықтан шығар жол іздесті. Бүгінде діни ахуалдың оңай еместігін бағамдап, мол қаражат бөлініп жатқанын айтты. Әр аудандарға арнайы теолог мамандар жұмыс істеуде екен. Мамандар енді ғаламторда мониторинг жасау қажет екенін айтып отыр.

Диана Есенова, дін істер комитетінің діндер орталығының бөлім басшысы: «Бүгінгі семинарда экстремизм мен терроризмге қарсы, кибертерроризмге қарсы атқарылып жатқан жұмыстар туралы ортаға ой тасталды. Ғаламторда, әлеуметтік желілерде жұмыс жүргізілуі керек. Бұрындары терриристік ұйымдар 18 жастағы жастарды торына түсірсе, бүгінде 12 ден 28 жасқа дейінгілерді қармай бастағаны белгілі. Балаларды жастайынан тура жолдан ауытқымауын аңдауымыз керек. Ұлттық салт дәстүрлерді ұстанып, хақ дінімізді ұстануды бала жастан құлағына құю керек. Сосын ата-аналар әлеуметтік желілердің арбауынан сақ болғаны жоқ. Бүгінгі семинарда осы сынды мәселелер жан-жақты талқылануда.»

Қоғамды теріс ағымнан сақтандыру үшін, ізгі жолдан айнымауы үшін де бір сәт түсіндірме жұмыстары керек-ақ. Бұл жолғы семинар сол ізгілікті шараның бір парасы ғана. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Гүлжан Көшерова