Оңтүстікте көктемгі су тасқыны қаупі жоқ

1292
Оңтүстікте көктемгі су тасқыны қаупі жоқ

Оңтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны қаупі жоқ. Алайда алдын алу және дайындық шаралары қатаң бақылауда болуы тиіс. Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішін əуеден бақылап, Сырдария, Арыс өзендерінің аңғарын шолып шыққан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осылай деп мәлімдеді.

Өңірдегі өзен аңғарлары мен су қоймаларының жай-күйімен танысқан аймақ басшысы Отырар ауданында Түркістан және Арыс қалалары мен Шардара, Отырар ауданы əкімдері мен облыстық деңгейдегі сала жетекшілерінің қатысуымен көшпелі жиын өткізді. Жиында су тасқынына қарсы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы тыңдалды.

Оңтүстікте көктемгі су тасқыны қаупі жоқ

Тасқын судың алдын алу бойынша тиісті шараларды тыңғылықты орындауды жүктеген облыс басшысы ұсынылған жобаларды кеңінен талқылап, жасанды су қоймаларды жасау үшін аэроғарыштық түсірілім әдістері арқылы зерделеуді және бұл жұмысқа ғалымдарды да жұмылдыру қажеттігін атап, нақты тапсырмалар берді.

Оңтүстікте көктемгі су тасқыны қаупі жоқ

— Келешекте су тасқынын болдырмау үшін, көктемгі мезгілдегі тасыған суларды тиімді пайдалану үшін табиғи ыңғайлы сайларды тоған ретінде қолдануға, тиісті бөгеттерді салуға қала, аудан әкімдері мен тиісті мекемелер нақты ұсыныстар енгізсін. Тасқын болуы мүмкін өзен аңғарларына жақын маңға қора салынбауын да қадағалау қажет, — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Оңтүстікте көктемгі су тасқыны қаупі жоқ

Қазіргі таңда тасқын судың алдын алу үшін Шардара, Отырар, Арыс аудандары мен Түркістан қаласы аумағында 4300 метр уақытша қорғаныс дамбалары тұрғызылып, құм толтырылған 44 500 қап қойылыпты. Осы жұмыстарға жергілікті атқарушы органдардан 400, төтенше жағдайлар департаментінен 195 адам және 72 техника жұмылдырылған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрболат Дербісовтің айтуынша, 467 адам, 60 арнайы техника және 10 жүзу құралы дайын. Осылайша жергілікті атқарушы органдары Сырдария арнасына Өзбекстаннан секундына жалпы көлемі 1500-ден 2000 м3/секундқа дейін су жіберілгенде болуы мүмкін су тасқыны жағдайын есептеп отыр.

Бір жарым ай көлемінде жүргізілген ауқымды жұмыстардың нәтижесінде облыс көлемінде елдімекендерді су басулары орын алмай, үлкен су қауіпсіз өткізілуде. Су тасқынына қарсы шаралардың мән-жайы талқыланған жиында аудан әкімдері Сырдария өзеніндегі және Көксарай реттегішінде толған суды ауыл шаруашылығы бағытына қолдануға мүмкіндік беретін жобаларымен таныстырды. Нәтижесінде суармалы жерлерді ұлғайту көзделуде.

Айта кетейік, аймақтағы үш ірі Арыс, Келес, Бадам өзендері мен 117 шағын өзен таудан бастау алып, барлығы елдімекендер арасымен өтіп, республикааралық Сырдария өзеніне барып құйылады. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары «Қазгидромет» РМК орталығынан күнделікті мәліметтер алып, облыс аумағындағы көктемгі су тасқыны жағдайына мониторинг, болжау жұмыстарын тоқтаусыз атқаруда.

https://www.youtube.com/watch?v=dW5un7e2IZs

Облыс әкімінің баспасөз қызметі