«Берекелі бірлікпен — рухани жаңғыруға». Шымкентте облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының 20-сессиясы өтті. Іс-шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, этномәдени бірлестіктері, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ширек ғасыр ішінде облыстық ассамблея мүшелері бауырлас халықтар арасын жақындастыруда орасан зор жұмыс атқарып үлгерді. Соның нәтижесі болар, бүгін этностар арасындағы достықты нығайтуда үлес қосқан жандардың еңбегі елеусіз қалмады.
Қазақ, өзбек, неміс, поляк пен шешен және Шымшаһарда қоныстанған өзге де ұлт өкілдерінің басқосуы бүгінде дәстүрге айналған. Кездесуде Қазақ жерінде ұлт болып ұйысқан этностар ұлттық ерекшелігін айқындайтын тұстарын көрсетуде.
Уақыт әр ұлттың ел алдындағы міндетін айқындап берді. Соның бірі — ұлттық дәстүр мен тарихи тәжірибені сақтай отырып, дамудың жаңа сатысына көрерілу. Алайда рухани байланыс пен бірліксіз болашақ бұлыңғыр. Бүгін осы бағытта этносаралық байланысты нығайтуда үлес қосқан жандардың еңбегі еленді. Құрмет орденіне 8 адам лайық деп танылды. Солардың бір — Алиса Масалева. Журналист бірнеше жылдан бері түрлі ұлт өкілдері, олардың дәстүрлері туралы қалам тербеп жүр.
Алиса Масалева, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакторы: «Жұмыс барасында мен этнос өкілдерінің түрлі дәстүрлері туралы білдім. Облысымыздың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген тамаша кейіпкерлермен таныстым. Бүгінде оларды ең елгезек және достық ұғымын жақсы түсінетін жандар деп нық сеніммен айта аламын».
Сессияда бас қосқандар латын әрпіне көшу туралы да сөз қозғады. Денінің пікірі жаңа әліппиді енгізу өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуін жеңілдетеді дегенге саяды.
Наталья Романова, оқушылар сарайының директоры: «Латын әрпіне көшу — біз үшін жаңа дүние. Алайда күшің мен қалауың болса, достығымызға кері әсерін тигізбейді. Керісінше, бізді жұмылдыра түседі деп ойлаймын.»
Қазақстан халқы ассамблеясы өз жұмысын этностардың мәдениетін жандандыру мен дамытудан бастады. Қоғамдық бірлестіктер ұлтаралық келісіміді сақтау — ең басты құндылық екенін де жақты түсінеді. Сондықтан өзара сыйластық пен қонақжайлылық сынды құндылықтарымызды бірінші орынға қояды. Ал тұрақтылық — ел дамуының басты кепілі болмақ.