Полковник те, майор да бар әулет

527

Араға күн салып аталып өтетін қос мереке 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнінде ел іргесін кірпік қақпай күзетіп, бейбіт өмір мен тыныштықтың кепілі болған сарбаздарымыздың және 9 мамыр – Жеңіс күнінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің мерейі өсіп, еңбегі еленіп, құрмет көрсетіледі. Осынау жұптасқан қос мерекенің тікелей қатысы бар Мұратбековтер әулеті көпке үлгі, тарихы тағылымды.

Аталары Қамытбек Мұратбеков қолына қару алып, майдан даласына аттанып, жауға қарсы соғысқан. Елге оралғаннан кейін де әскери саладан алыстамай, абыройлы еңбек еткен жан. Ұлдары Бақытбек пен Ықылас та әке тәрбиесімен есейіп, әскери өмірді таңдаған адамдар. Ықыластың ұлы Ержігіт те ата жолынан айнымай, Отан қорғау жолында жүр.

Қамытбек пен жары Сәуле

Қамытбек Мұратбеков – Ұлы Отан соғысының ардагері. 1921 жылы Төлеби ауданында дүниеге келген ол 18 жасында әскерге шақырылады. Ташкентте кіші офицерлерді дайындайтын курста оқиды. Курс бітірген кезінде соғыс басталып, майданға аттаныпты. 1941-1945 жылдары аралығында соғыста жаяу әскер взводының (қазір мотоатқыштар деп аталады) командирі болған. Жаппай демобилизация жарияланғанда елге оралыпты.

Туған жерге келгенінен кейін Георгиевка ауданының (қазіргі Ленгер қаласы) аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет атқарған екен. Сөйтіп жүргенде тағы да әскерге, дәлірегі жергілікті әскери басқару жүйесіне шақырылады. Оны әскери қызмет етуге Көкшетауға жөнелтеді. 1947 жылы жары Сәулемен отбасын құрып үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген.
Көкшетаудан кейін бес жыл Қостанай облысындағы Федоровка ауданында әскери комиссар болып, сосын Қостанай облысының Амангелді ауданына жіберіледі. Кейін отбасылық жағдайға байланысты Жамбыл облысының Луговой ауданында (қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданы) қызметін жалғастырған. Жамбылда жүргенінде сырқаттанып, 1974 жылы көз жұмады. Қамытбек ақсақалдың екі үлкен ұлы да әке жолын қуып, әскери саланы таңдаған. Кенже ұлы Қасым әке ағаларының жолымен осы салаға қызығушылық танытқан. Алайда, денсаулығына байланысты әскери қызметке жарамайды Небәрі 30 жасында өмірден озыпты.

Қамытбектің екінші ұлы, зейнет жасына шыққан полковник Ықылас 1952 жылы дүниеге келген. Әскери салада бақандай 34 жыл қызмет атқарыпты.

Бақытбек Мұратбеков

Ықыластың айтуынша, әкесі мұның әскери өмірді таңдауына қарсылық білдіріпті. Өйткені үлкен ағасы Бақытбек әскери саланы таңдағаны себепті «бір үйден бір әскери жетеді» деген оймен қолдай қоймаған екен. Тіпті «комиссиядан өткізбеңдер» деп дәрігерлерге де айтыпты. Алайда, Ықылас әкесінің және ағасының жолын жалғастыруға құмбыл болып, бір өзі Ташкент жоғары әскери училищесінеоқуға түсуге аттанып кеткен. Ағасы Бақытбек те сол оқу орнына түскен. Ол оқуын бітіргенінен кейін әскери комиссариат жүйесінде қызмет етіп, майор шеніне жеткен.

«Қазақта «Қойшының баласы қойшы болсам, етікшінің баласы етікші болсам» деген сөз бар. Туғанымнан көргенім қатаң тәртіп, әдемі әскери форма болғандықтан, мен де әскери салаға қатты қызықтым» деген Ықылас әкесінің өте қатал адам болғанын айтады.

Ықылас Мұратбеков

Нағыз әскери адам болған себепті болар біз қатаң тәртіппен ержеттік. Әкеміз не десе сол болатын. Оған ешкім ешқашан қарсы келмеді. Біз үшін оның айтқан сөзі – атылған оқ. Айтылған тапсырмасын айтқан уақытында орындайтынбыз. Осындай тәртіпке үйретті бізді. Баламыз ғой. Кей кездері тапсырмасын орындай алмай қалатын кездеріміз болатын. Ондайда жазамыз да дайын тұратын. Тек мамандық таңдау кезде мен өз қалауымды орындағым келді. Әкемнің жанында жүріп, әскери өмірден басқаны көрмедім. Әскери бөлім аумағында тұрып, сонда ержеттік. Бала кезімнен басқа жолым жоқ екенін білдім. Кейін әкем түсінді ма менің қалауыма да қарсы келмеді. Бұл тек біздің отбасымызда ғана емес, барлық әскери отбасыларындағы қалыпты жағдай. Бірақ, мен балаларымның қай сала маманы болғылары келетінін өздеріне тапсырдым. Соның нәтижесінде ұлым әке жолын қуды, – дейді Ықылас.

Ықылас оқуын бітіргеннен кейін алғашқы жұмысын Беларусь Республикасында бастаған. Сонда қызмет етіп жүргенінде әкесі қайтыс болып, елге оралады. Келгеннен кейін Жамбыл облысының Талас ауданында қызметін жалғастырып, кейін Ленгер, Шәуілдір, Түркістан, Мақтарал, Сарыағаш аудан-қалаларында еңбек етті.

1979 жылы жан жары Клара Қойшыбаевамен отбасын құрады. Бір қыз, бір ұлы бар. М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дің әскери кафедрасында студенттерге сабақ берген. Сол жерден зейнетке шығыпты.

Ел амандығы үшін қызмет еткен отағасы қызметін бірінші орынға қойған кісі. Әскери салада қызмет ететін адамдардың ерекшелігі: ең алдымен Отанға қызмет ету болса, Мұратбековтер әулеті де осы талапты қатаң орындаған.

Ықылас пен ұлы Ержігіт

Ықыластың ұлы Ержігіт 1999 жылы Алматы жоғары әскери оқу орнына оқуға қабылданып, оны 2003 жылы бітірген. Ол бүгінгі таңда Ордабасы ауданының қорғаныс істер жөніндегі бөлім бастығы болып қызмет етеді. Ержігіттің әскери салада қызмет еткеніне 18 жылға жуықтаған.

Ержігіт Мұратбеков, Ықыластың ұлы:

Атамыздан бастап бәрі әскери салада болғандықтан ерекше тәрбие көрдік. Мен әкемді қатты қатал болды деп айтпаймын. Өйткені көп жағдайда балаларына еркіндік берді. Дегенмен де біз әкемізді тыңдап өстік. Әкеміз не десе сол біздің отбасының заңы сияқты қабылданатын. Осы салаға өте кішкентайымнан қызықтым. «Өскенде кім боласың десе әкем сияқты боламын» деп айтатын едім. Шүкір қазір майор шеніне жеттім. Менің де үш ұлым бар. Үлкенім атасы сияқты, әкесі сияқты әскери адам боламын дейді. Егер үлкейе келе ойынан айнымаса мен де қарсылық танытпаймын. Қазір жастар осы салаға көптеп қызығады. Патриоттық клубтар ашылып, сайыстар ұйымдастырылып жатыр. Сол себепті де болар әскерге баруға да жастарымыз белсенді.

Ықылас Мұратбеков, зейнеттегі полковник:

Нағыз әскери адамдар ешқашан басынан өткерген соғыс жайлы айтпайды. Менің әкем де сондай еді. Бізге соғыстағы сәтінен естеліктер айтпады. Қанша рет қызықтап сұрасақ та айтқыза алмадық. «Соғыс болды, өтті, кетті, оны айтудың еш қажеті жоқ» дейтін еді. Соғыс жайлы айтуды жаны сүймейтін. Енді соғыс болмасын деп айтатын. Менің қайын атам да соғыс ардагері болған адам. Ол да ешқашан соғыс жайлы тіс жарған емес.

Осы тұста айта кетер жайт, Қамытбек Мұратбековтың туысқандарынан да әскери салаға адал қызмет етіп келе жатқандар көп. Қамытбек Мұрабеков алты ағайынды болса солардың төртеуінің балалары әскери салда қызмет етіп келеді.

Жанерке ХУМАР