Шымкенттен Өзбекстанға «Достық керуені» бет алды

592
Шымкенттен Өзбекстанға «Достық керуені» бет алды

Оңтүстік Қазақстан облысынан Өзбекстан Республикасына «Достық керуені» жолға шықты. Бұл іс-сапар Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің наурыз айында Қазақстанға жасаған ресми сапары кезінде Қазақстан халқы ассамблеясы мен Өзбекстан интернационалды мәдени орталығының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында іске асырылып отыр.

Меморандумда қоғамдық-саяси, мәдени-білім беру, ғылыми және ақпараттық салалардағы ынтымақтастық, екі ел халықтарының жақындасуына, халықтық дипломатияның нығаюы мен дамуына ықпал ететін бірлескен жобалар мен іс-шараларды әзірлеу және іске асыру жоспарланған болатын.

Шымкенттен Өзбекстанға «Достық керуені» бет алды

Қазақстан халқы ассамблеясы ғимараты алдынан жолға шыққан керуенді шығарып салу рәсімінде облыстық қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Ербол Байқонақов, Түркістан қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, облыстық өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Бадриддин Нишанкулов сөз сөйлеп, бұл шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына қолдау әрі, бауырлас екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылып отырғанын айтты.

Өзбекстанға бет алған 50 ақсақал 2-6 мамыр аралығында Ташкенттегі Төле би бабамыздың мазаратына зиярат етіп, әрі қарай Самарқандтағы Әмір Темір және Жалаңтөс баһадүрдің, Бұхарадағы Бахауддин Накшбандидің кесенесімен таныспақ.

Сонымен қатар, «Достық керуенінің» мүшелері Өзбекстан интернационалды мәдени орталығында, Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығында және өзге де тарихи-мәдени орталықтарында болып, сол елдің азаматтарымен кездеседі деп жоспарлануда.